Абай облысы: 9 айдың қорытындысы – тұрақты өсім мен жаңа мүмкіндіктер

Абай облысы: 9 айдың қорытындысы – тұрақты өсім мен жаңа мүмкіндіктер

Биылғы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша Абай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң серпін байқалады. Өңірдің қысқа мерзімді экономикалық индикаторы 100,8%-ды құрап, облыс экономикасының тұрақты даму деңгейін көрсетті. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар орталығында өткен бапасөз мәслихатында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы Абай облысы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр баяндады.Оның айтуынша, облыстың барлық негізгі салаларында өсім тіркеліп, бірқатар ірі инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда.

Көлік саласында 123,4%, байланыс қызметінде – 106,4%, ішкі саудада – 105,9%, ауыл шаруашылығында – 102,8%, ал өңдеу өнеркәсібінде – 101,3% өсім байқалды.Өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 31,5%-ға артып, 1 914,3 млрд теңгеге жетті. Оның 71%-ы тау-кен өндіру саласына тиесілі болса, өңдеу өнеркәсібінде 500,6 млрд теңгенің өнімі шығарылып, 25,2% өсім қамтамасыз етілді,-деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Ербол Әбілхайырұлының айтуынша, облыс экономикасына тартылған инвестиция көлемі 364,5 млрд теңгені құрады (НКИ – 103,1%). Өңдеу саласына салынған инвестициялар көлемі 137,8%-ға өсіп, 29,6 млрд теңгеге жетті.Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі инвестициялық саясат тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде облыста Инвестициялық бағдарлама мен Іс-шаралар жоспары әзірленген.Биылғы жылы өңірде іске асырылып жатқан жобалар саны 29-дан 97-ге дейін артты. Инвестиция көлемі 2,2 трлн теңгеден 3,2 трлн теңгеге жетті. Оның ішінде 46 жоба Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға енгізілген.

Абай облысы шетелдік серіктестермен де белсенді байланыс орнатуда. Облыс әкімі бастаған делегация 2025 жылғы мамыр айында Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына сапармен барып, «Үлкен Алтай» халықаралық конференциясына қатысқан.Сапар қорытындысы бойынша жалпы құны 1,5 млрд АҚШ долларын құрайтын 15 ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды,-деді Ербол Әбілхайырұлы. 

Егіс жұмыстары 782,1 мың гектар аумақта жүргізіліп, майлы дақылдар көлемі 42,9 мың гектарға ұлғайған. Әкімнің бірінші орынбасары атап өткендей, су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында 2024–2028 жылдарға арналған су саласын дамыту жоспары іске асырылып жатыр.

«Бақты – Аягөз» теміржол желісінің құрылысы басталды. Сондай-ақ Бақты ауылында құрғақ порт салу бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Семей қаласында жаңа ЖЭО-3 жылу электр орталығының құрылысы қолға алынған,- деді Ербол Садыр.

Ол Алакөл көлінің туристік әлеуетін арттыру, арнайы экономикалық аймақ құру, жаңа мектептер мен медициналық нысандар салу бағытындағы жұмыстарға да тоқталды. Айтуынша, әлеуметтік саланың үлесі облыс бюджетіндегі шығыстардың 45,4%-ын құрайды. Баяндамасында Ербол Садыр облыстың тұрақты экономикалық өсімін қамтамасыз ету, инвестиция тарту, инфрақұрылым мен әлеуметтік жобаларды дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасатынын атап өтті.

Абай облысы бүгінде елдің экономикалық дамуында маңызды рөл атқарып, жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын ашу арқылы өңір халқының өмір сапасын арттыруға бағытталған жүйелі саясат жүргізіп келеді.


#Абай облысы, #экономика