«ADAL AS»  компаниясына – 15 жыл!

«ADAL AS» компаниясына – 15 жыл!

Тамақ өнеркәсібі – ел экономикасының негізгі секторларының бірі. Әрі ұлттық қауіпсіздіктің маңызды тармағы. БҰҰ Халықаралық азық-түлік ұйымының мәліметтері бойынша, тағам қауіпсіздігі әлемдік мәселеге айналып барады. Алайда, Қазақстан өзін-өзі азық-түлікпен және таза ауыл шаруашылығы өнімдерін дамытумен қамтамасыз ете алатын мемлекеттер қатарында. Жыл санап елімізде тамақ өнеркәсібімен айналысатын шағын және орта кәсіпкерлік өркендеп келеді. Солардың бірі, бүгінде алыс-ақын шет елдермен қатар, елімізге кеңінен танымал - «ADAL AS»  компаниясы. 

Өндірістік компанияның мақсаты - жасанды қоспасыз экологиялық таза өнімнен ұлттық тағамдар өндіру. Ұлттық тағамның құндылығы мен құнарлылығын халыққа насихаттау, сапасын арттыру. 

Биыл ұлттық өнімдер өндірумен айналысатын компанияға - 15 жыл!

        «Адал АС» сауда белгісімен өндірілген алғашқы өнім - бидайдан жасалған талқан. Талқан – тоқ, әрі тойымды тағам. Халық қиын-қыстау кездері талқанды талғажау еткені бабаларымыздың өткен жолынан, кешегі тарихымыздан белгілі. Бұл өнім ұзақ уақыт сақталатындықтан, көшпенділердің нағыз құнарлы, нәрлі тағамы болған. Қазіргі кезде осы талқанның негізінде дәстүрлі жентпен қатар, балмен араластарылған жент, заманауи талаптарға сай шоколадтағы жент түрлері өндіріледі. 

Компанияда шығарылатын өнімдер ішінде бауырсаққа деген сұраныс жоғары. Жаугершілік заманда да бабаларымыз ат үстінде жүріп ұзақ сақталатын ашытқысыз бауырсақты пайдаланған. Бүгінгі күні тұтынушылардың талғамына сай бауырсақтың алуан түрі жасалады. Дәстүрлі той бауырсақ, жол бауырсақ, ши бауырсақтармен қатар соңғы уақытта шай бауырсақ пен қойдың құйрық майынан жасалған бауырсақтар да дүкен сөрелерінен лайықты орын алды. 

Өндіріс орны халықтың денсаулығына пайдалы жаңа өнімдерді шығаруда. Соның бірі – «AS TAL» коктейлі. Табиғи таза өнім. Ешбір қоспасыз дайындалғандықтан денсаулықты жақсартуға септігі мол. Ағзаны тазарту, күш-қуат беру, қан қысымын реттеу, қанның құрамындағы қант мөлшерін төмендету, салмақ азайтуда таптырмас өнім. Оның негізі -талқаннан құралған. Алматы технологиялық университеті Азық-түлік өнімдерінің сапа мен қауіпсіздігін бағалау ғылыми-зерттеу зертханасы мен «Alikhan Bokeikhan University» зертханасында зерттеуден өткен.

«Адал Ас» компаниясы облыс көлемінде ғана емес, сонымен қатар еліміздің тамақ өнеркәсібінің дамуына өз үлесін қосып, экономикамыздың ілгерілеуіне атсалысуда. Бүгінде компания 60-қа жуық өнім түрін шығарады. Барлық өнімдер сертификатталған. Тауарлар Абай және Шығыс Қазақстан облыстарынан өзге Астана, Алматы, Талдықорған, Өскемен, Павлодар, Қостанай, Көкшетау қалаларында сатылады. Айта кетерлігі, кәсіпорын отандық және шетелдік көрмелерден шет қалған емес. 2021 жылы компания еліміздегі ірі тауар өндірушілердің қатарында Ресейдің Уфа қаласындағы бизнес форумға қатысып, әріптестік байланыс орнату туралы келісімге қол жеткізді. Нәтижесінде 2023 жылдың жаз айында 42 мың данадан астам 0,600 грамдық ши бауырсақ көрші мемлекетке жіберілді.

«ADAL AS»  компаниясы жыл сайын ұйымдастырылатын «HALAL EXPO»-ның тұрақты қатысушысы. Бұған дейін өнімдерін Шымкент, Астана, Алматы қалаларында өткен көрмелерде көпшілік назарына ұсынған. Сондай-ақ ұлттық өнімдер Дубайдағы «Gulfood» халықаралық көрмесіне де қойылды.

2023 жылы ҚР Сауда министрлгі және «Qaz Trade» делегациясының құрамында Әзірбайжан мен Қытайдың Гуанджоу қаласындағы Кантон көрмесіне қатысты. 2022 жылдың ақпан айында «ADAL AS»  компаниясықазақстандық 28 кәсіпорынның қатарында Мәскеу қаласында «ПРОДЭКСПО» көрмесінде өз өнімдерін ұсынды. 2023 жылы желтоқсан айында Жапонияда ұйымдастырылған «FooDtech WeeK» Tokyo-2023 VIII халықаралық тамақ өнімдерін жасау және өндіру көрмесіне қатысты. 

Компания 2023 жылы Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕБРР) бағдарламасына қатысып, өндірісті жаңарту, жұмысты тиімді атқару бойынша 2 жобаны жеңіп алды. Нәтижесінде, түрлі қондырғылар сатып алынып, тауарлық белгілерді брендтеу жұмыстары жүргізілді.

Биыл «Даму» бағдарламасы арқылы жаңа ғимарат сатып алынып, қазіргі кезде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 

Айта кетерлігі, компанияда еңбек ететін жандардың білімі мен біліктілігін арттыруға ерекше мән беріледі. Жұмысшылар жапондық КАЙДЗЕН жүйесі бойынша, кезең-кезеңмен оқу-тренингтерге қатысып, оны жұмыс барысында қолданады. 

«ADAL AS»  компаниясының Құрылтайшысы Ермек Мезібаевтің айтуынша: 

« Бүгінде компанияда 60-тан астам адам еңбек етеді. 

Ел Президенті Қасым – Жомарт Тоқаев (2 қыркүйек,2024 ж.) биылғы Жолдауында  «Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді»,- деді. Біздің «ADAL AS»  компаниясының да бағыты мен ұстанған қағидасының дұрыс екендігінде күмән жоқ. Еліміздің еңбекпен көркейетінін ескерсек, еңбек адамының орны ерекше. Елімізбен бірге қарыштап дамуымыз үшін адал кәсіп жасап жүрген жандардың еңбегін лайықты бағалап, қолдап отырсақ олардың да өз жұмыстарына жауапкершілікпен қарайтыны сөзсіз. Біздің компанияда жұмысшылардың лайықты еңбекақымен қамтылып, еңбек демалысын тиімді өткізулеріне ерекше көңіл бөлінеді. Мысалы, табиғат аясында тимбилдингтер ұйымдастырылып, өңірдегі киелі жерлер мен демалыс орындарына барып-келудегі шығындар толығымен серіктестік есебінен төленеді. Соңғы 3 жылда компанияда ұзақ жылдар еңбек етіп келе жатқан 17 адам «Сарыағаш» шипажайында компания есебінен тегін демалып қайтты. 2023 жылы 3 адам Египетте және 3 адам Түркияда тынығып келді. Компанияда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне де баса мән беріледі. Жұмысшылар тегін түскі аспен қамтылған. Түскен табысқа байланысты мүмкіндігінше сыйақы қарастырылады. Жыл соңында атқарылған жұмыс нәтижесі бойынша қомақты сыйақы беріледі. Жыл сайын 1-сынып табалдырығын аттаған бүлдіршіндер мен мектеп бітірген түлектерге қаржылай қолдау көрсетіледі. Биыл республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында, компанияда еңбек ететін адамдардың балаларына оқу құралдары үшін қаражат бөлініп, кеңсе тауарларын сатып алуға сертификат берілді. Осының барлығы еңбек адамына деген құрметтің үлгісі деп білемін. Адал еңбек етіп жүрген жандардың еңбегін бағалап, оларды сыйлау– басты парызымыз».

Бүгінде «ADAL AS» өндірістік компаниясы ұлттық өніммен бірге түрлі тәтті тоқаштар, печеньелер пісіріп кондитерлік өнімдер қатарын толықтырып келеді. Той, мерекелік шараларға тапсырыстар орындап, жасанды қоспасыз тәттілермен тұтынушылар көңілінен шығуда. Алдағы жоспары - қазақстандық тауардың әлемдік нарықта танымал болуын қамтамасыз ету.  Сапалы, бәсекеге қабілетті, экологиялық таза өнімімен танылып халық игілігі үшін қызмет ету.


#Абай облысы, #экономика, #Ас ТаL, #Адал Ас