Қаланың бас жоспары талқыланды
Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев «Астанагенплан» ҒЗЖИ» ЖШС бас директоры Руслан Жакуповпен кездесіп, Семей қаласының бас жоспарын талқылады, -деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап. Кездесуде қаланың тұрақты дамуына серпін беретін маңызды құжаттың әзірлену кезеңдеріне баса назар аударылды.
Кездесу барысында Руслан Жакупов қаланың көлік инфрақұрылымына, тұрғын және коммерциялық үй құрылысына, абаттандыруға қатысты жаңартылған мәліметтермен таныстырды. Шаһардың тарихи бет-бейнесін сақтауға және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін заманауи технологияларды енгізуге ерекше назар аударылды.
Кездесу қорытындысында құжатты толықтыру үшін сарапшыларды тарту туралы келісімге қол жеткізілді. Бас жоспар қала инфрақұрылымын дамытуға, қоршаған ортаны жақсартуға және инвестиция тартуға бағытталған жобаларға негіз болмақ.