Жеке инвестиция тарту жұмысын күшейту керек- Берік Уәли
Абай облысының әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық жиында негізгі капиталға инвестициялар тарту мәселесі қаралды,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Рүстем Ворошилов аймақ басшысына негізгі капиталға салынған инвестициялар туралы баяндады.

Облыста инвестициялық жобалардың пулы жаңартылып, 2029 жылға дейін жүзеге асырылатын 24 ірі жоба анықталды. Өңірде 2025 жылға негізгі капиталға тартылатын инвестиция көлемі 888 миллиард теңгені құрайды деп болжанып отыр.
Алайда Ақсуат, Бородулиха, Жарма, Көкпекті, Мақаншы аудандары мен Семей қаласында жоспардың толық деңгейде орындалмай қалу қаупі бар.

Облыс әкімі барлық қала-аудан әкімдеріне инвестиция көлемін, оның ішінде жеке инвестиция тарту жұмысын күшейтуді тапсырды.
«Ел экономикасына жеке инвестиция тарту басты міндет және өте маңызды мәселе. Мұны Президент үнемі айтып отырады. Осыдан бір апта бұрын Үкімет басшысы арнайы жиын өткізді. Болашақта әкімдердің жұмысы инвестиция тарту көрсеткішімен өлшенеді деп қатаң ескертті. Біз де аудандардан соны талап етеміз. Инвестиция тарту бұл – Кәсіпкерлік басқармасының ғана міндеті емес. Басқа басқарма басшылары да өз салалары бойынша инвестиция тартумен айналысуы керек» деген аймақ басшысы тоқсан қорытындысы бойынша инвестиция тарту көрсеткіштерін орындамаған жауапты тұлғалардың тәртіптік жауапкершілікке тартылатынын да ескертті.
Кеңейтілген аппараттық жиында күнтәртібіндегі үшінші мәселе облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалуы туралы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Роза Құдайбергенқызы баяндама жасады.

Нақты көлем индексі өнеркәсіпте, байланыс, көлік, ауыл шаруашылығында салаларында төмендегені атап өтілді. Көкпекті, Абай, Жарма, Бородулиха аудандары мен Семей қаласында бюджеттен тыс қаражаттарды тарту бағытындағы жұмыстың лайықты деңгейде жүргізілмей жатқаны айтылды. Аймақ басшысы жиында Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы, Құрылыс басқармасы, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаларының басшыларына бекітілген жылдық жоспарды орындау бойынша нақты тапсырмалар берді.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Наурыз мейрамын лайықты деңгейде атап өтуге, «Таза Қазақстан» бағдарламасын аймақта жүзеге асыруға қатысты тиісті тапсырма жүктеді.
«Президент «Таза Қазақстан» бағдарламасының маңызын ұлттық құрылтайда да атап өтті. Бұл - бір реттік емес, жүйелі түрде жүзеге асатын бағдарлама. Көктем келді, қыс бойы қардың астындағы жасырынған қоқыстың бәрі шығып жатыр. Аудан-қала әкімдері тазалық жұмысын қатаң бақылауға алыңыздар» деді аймақ басшысы.
#Абай облысы, #Абай облысының әкімі, #инвестиция, #Берік Уәли