Қаржы 41 қаралымabaidan.kz

Фискалдық чекті тірке де, автокөлік ұтып алуға мүмкіндік ал!

Фискалдық чекті тірке де, автокөлік ұтып алуға мүмкіндік ал!

Абай облысының тұрғындары енді күнделікті сауда жасау кезінде берілетін фискалдық чектер арқылы бағалы сыйлықтарға ие болу мүмкіндігіне ие. Қазақстанда Business Go цифрлық платформасындағы Amian сервисі арқылы «Автомобильдер мен бағалы сыйлықтар ұтыс ойыны» республикалық акциясы басталды. Науқан аясында сатып алушылар мен кәсіпкерлер арасында алты автокөлік және өзге де бағалы сыйлықтар ойнатылады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Абай облысы мемлекеттік кірістер департаменті Камералдық мониторинг басқармасының басшысы Еркежан Бүркітова мәлімдеді. Оның айтуынша, республикалық акция 2026 жылғы 10 қарашадан 2027 жылғы 30 сәуірге дейін еліміздің барлық өңірінде өтеді. Оған жеке тұлғалар мен кәсіпкерлер қатыса алады. Әр санат бойынша қатысушылардың жеке базасы қалыптастырылып, жеңімпаздар бөлек анықталады.

– Жеке тұлғалар ұтыс ойынына қатысу үшін Amian мобильді қосымшасын орнатып, тіркеуден өтуі қажет. Одан кейін Amian Business сервисіне қосылған, акция кезеңінде белсенді маркетингтік ұсынысы бар кәсіпкерден кемінде 1 000 теңгеге сатып алу жасап, бақылау-касса машинасы берген фискалдық чектің QR-кодын қосымша арқылы сканерлеуі керек. Жүйе чекті автоматты түрде тексереді, – деді спикер.

Акцияға қатысу үшін азаматтардан ешқандай қосымша ақы алынбайды. Сондай-ақ Business Go платформасының ақылы тарифін сатып алу міндетті емес. Дегенмен тіркелетін чектерге бірқатар талап қойылады. Чек фискалдық белгісі бар, жарамды QR-кодпен берілген және акция мерзіміне сәйкес болуы тиіс. Сонымен қатар ол бұрын тіркелмеген, сатып алу күші жойылмаған әрі тауар қайтарылмаған болуы қажет. Бір қатысушы тәулігіне үш чекке дейін, ал бір күнтізбелік айда 100 чекке дейін тіркей алады. Тексеруден сәтті өткен әрбір чек ұтыс ойынына бір мүмкіндік береді.

Науқанға кәсіпкерлер де қатыса алады. Ол үшін электрондық цифрлық қолтаңба арқылы Business Go платформасында тіркеліп, Amian Business сервисіне қосылуы, кемінде бір сауда нүктесін енгізуі және белсенді маркетингтік ұсыныс жариялауы қажет.

– Кәсіпкерлер де акцияға қатыса алады. Ол үшін электрондық цифрлық қолтаңба арқылы Business Go платформасында тіркеліп, Amian Business сервисіне қосылуы, кемінде бір сауда нүктесін тіркеуі және белсенді маркетингтік ұсыныс жасауы қажет. Кәсіпкерлер санатындағы ұтыс ойынына қатысу үшін Business Go жылдық пакетін сатып алу талап етіледі, – деді Еркежан Бүркітова.

Акцияның жалпы жүлде қоры – 12 бағалы сыйлық. Атап айтқанда, алты автокөлік, екі смартфон, екі планшет және екі ноутбук ойнатылады. Ұтыс ойындары 2026 жылғы 1 желтоқсаннан бастап 2027 жылғы 1 мамырға дейін ай сайын өткізіледі.

Әр кезеңнің қорытындысы бойынша екі жеңімпаз анықталады. Оның бірі сатып алушылар арасынан, екіншісі кәсіпкерлер арасынан таңдалады. Осылайша, акция соңында алты сатып алушы мен алты кәсіпкер бағалы сыйлықтардың иегері атанады. Жеңімпаздарды анықтау рәсімі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ресми парақшаларында тікелей эфирде өтеді. Іріктеу кездейсоқ сандар генераторы арқылы, тиісті кезеңге қатысуға жіберілген азаматтар мен кәсіпкерлердің электрондық базасы негізінде жүргізіледі. Айта кетейік, акция Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің және «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ақпараттық қолдауымен жүзеге асырылуда. Жүлде қоры бюджеттен тыс қаражат есебінен қалыптастырылады. Ақшалай сыйлықтар қарастырылмаған.

– Бұл акция азаматтардың фискалдық чектерді талап ету және тексеру дағдысын қалыптастыруға, кәсіпкерлердің бақылау-касса машиналарын қолдануын ынталандыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар есеп айырысулардың ашықтығын арттырып, кәсіпкерлер мен тұтынушылар арасындағы цифрлық өзара іс-қимылды дамытуға және көлеңкелі айналымды қысқартуға ықпал етеді, – деді Еркежан Бүркітова.

Ұйымдастырушылар акцияға қатысу ерікті екенін еске салады. Азаматтар тауарлар мен қызметтерді өз қажеттілігіне қарай сатып алады. Ал ұтыс ойынына қатысу мүмкіндігі белгіленген талаптарға сай фискалдық чекті Amian мобильді қосымшасында тіркегеннен кейін беріледі.