Абай облысы Медеу Сәрсекені ақтық сапарға шығарып салды

Абай облысы Медеу Сәрсекені ақтық сапарға шығарып салды

Бүгін облыс тұрғындары қазақ ғылыми – фантастикалық әдебиеті жанрында өшпес із қалдырған, драматург, қоғам қайраткері, Абай облысының еңбек сіңірген азаматы Медеу Сәрсекемен қоштасты,-деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

 



Оның әдебиеттегі алғашқы қадамы 1955 жылы басталып, 1959-1965 жылдары қазақ тілінде бірқатар ғылыми-фантастикалық повестер мен эсселері жарық көрді. «Жетінші толқын» шығармасы бірнеше рет 100 мың данамен қайта басылып, КСРО-да кеңінен танымал болды. Осы басылымдардың арқасында жазушы КСРО Жазушылар одағына қабылданды (1962). Қазақ әдебиеті тарихында Медеу Сәрсекеге дейін ғылыми-фантастикалық жанрдағы жазушы болмаған, сондықтан сыншылардан «Қазақ фантастикасының пионері» атағын алды.
 


Медеу Сәрсеке жас сахнагерлердің бірнеше ұрпағын тәрбиелеген тәлімгер, әрі ұстаз болды. Оның қазақ ғылыми-фантастикалық әдебиетінің дамуына қосқан үлесі мәңгі есте қалады.


Медеу Сапаұлы Сәрсеке 1936 жылы 2 қаңтарда Абыралы ауданы Қайнар ауылында дүниеге келген. Жазушының қазақ тілінде 43-тен астам, орыс тілінде 20-дан астам басылымы жарық көрген.  Жазушы, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, «Абай облысының Құрметті азаматы».


#Семей, #Абай облысы