Қоғам 65 қаралымabaidan.kz

Абай облысында 2026 жылдың тоғыз айындағы мемлекеттік қызмет көрсету сапасының қорытындылары

Абай облысында 2026 жылдың тоғыз айындағы мемлекеттік қызмет көрсету сапасының қорытындылары

Мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету, сондай-ақ азаматтардың құқықтарын қорғау Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті қызметінің басым бағыттары.

2026 жылдың 9 айында Абай облысында 7 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның 96,4%-ы электрондық форматта ұсынылды. Бұл мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен ашықтығын арттыруға, сондай-ақ қызмет көрсетушілер мен қызмет алушылар арасындағы тікелей байланысты барынша азайтуға мүмкіндік береді.

Есепті кезеңде 21 бақылау іс-шарасы жүргізілді. Нәтижесінде 13 116 заң бұзушылық анықталды. Сонымен қатар, ақпараттық жүйелерге қашықтықтан мониторинг жүргізу арқылы тағы 3 162 бұзушылық анықталып, анықталған бұзушылықтардың жалпы саны 16 278-ді құрады.

Бұзушылықтардың басым бөлігі мемлекеттік қызметтерді көрсету тәртібінің сақталмауына байланысты. Сондай-ақ қызмет көрсету мерзімдерін бұзу, қызмет көрсетуден негізсіз бас тарту және құжаттардың толық топтамасы ұсынылмаған жағдайда мемлекеттік қызмет көрсету фактілері тіркелді.

Бақылау жұмыстарының нәтижесінде 206 қызмет алушының құқықтары қалпына келтірілді. Оның ішінде 198-і қашықтықтан мониторинг жүргізу арқылы шешімін тапты.

Анықталған кемшіліктерді жою мақсатында мемлекеттік органдарға 75 ұсыным енгізіліп, олардың барлығы толық орындалды. Сонымен қатар, 37 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 465-бабы бойынша 6 лауазымды тұлғаға қатысты 17 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Айыппұлдардың жалпы сомасы 800 125 теңгені құрап, бюджетке толық өндірілді.

Департамент қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі - заң бұзушылықтардың алдын алу. Есепті кезеңде семинарлар, тікелей эфирлер, интернет-конференциялар және біліктілікті арттыру курстарын қоса алғанда, 146 ақпараттық-түсіндіру іс-шарасы өткізілді.

Департамент мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін жетілдіру, заң бұзушылықтардың алдын алу және лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.

Басты мақсат - азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ете отырып, мемлекеттік қызметтердің уақытылы, сапалы және қолжетімді көрсетілуіне қол жеткізу.