Абай облысында ҮЕҰ әлеуетін арттыруға арналған оқыту семинары өтті

Абай облысында ҮЕҰ әлеуетін арттыруға арналған оқыту семинары өтті

Абай облысында «Үкіметтік емес ұйымдар – қоғам дамуының қозғаушы күші» тақырыбында оқыту семинары ұйымдастырылды. Іс-шараға өңірде белсенді жұмыс істеп жүрген 30-дан астам үкіметтік емес ұйымның өкілдері қатысып, азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған өзекті мәселелерді талқылады. Семинардың басты мақсаты – үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдық өмірдегі рөлін күшейту, олардың институционалдық әлеуетін нығайту, сондай-ақ гранттық жобаларды әзірлеу, жазу және тиімді басқару бойынша практикалық дағдыларын дамыту .

Шараның ашылуында Абай облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Жарқын Жұмаділов сөз сөйлеп, үкіметтік емес ұйымдардың өңірдің қоғамдық-саяси, әлеуметтік және мәдени дамуына қосып отырған үлесін ерекше атап өтті. Ол мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың маңыздылығына тоқталып, мұндай оқыту алаңдарының ҮЕҰ қызметін кәсібилендіруге серпін беретінін айтты. Семинар барысында Шығыс жастар қоғамдық қорының атқарушы директоры Алиби Абдураимов аталған жобаның жыл бойы жүзеге асырылып келе жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл семинар-тренинг – жобаның қорытынды кезеңдерінің бірі.

– Семинардың негізгі мақсаты – үкіметтік емес ұйым өкілдерінің кәсіби әлеуетін арттыру, жобаларды әзірлеу, гранттық өтінімдерді жазу және оларды тиімді басқару бойынша практикалық білім беру. Іс-шараға Өскемен және Семей қалаларынан арнайы шақырылған тәжірибелі спикерлер қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті, – деді ол.

Сонымен қатар, Абай облысының «Азаматтық Альянс» заңды тұлғалар бірлестігінің басшысы Эльзира Солтабаева семинардың маңызын атап өтіп, өңір бойынша көптеген ҮЕҰ өкілдерінің белсенді қатысып отырғанын айтты.

– Бүгінгі семинарға Абай облысынан 30-дан астам үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысуда. Негізгі мақсат – гранттық жобаларды сауатты әзірлеу, өтінімдерді дұрыс рәсімдеу, жобаларды іске асыру және басқару тетіктерін үйрету, сондай-ақ ұйымдардың кәсіби және институционалдық әлеуетін арттыру, – деді ол.

Оқыту семинары аясында қатысушыларға жобалық менеджмент, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс тетіктері, қоғамдық бастамаларды қолдау, медиация және тиімді коммуникация, қоғамдық бақылау мен кері байланыс орнату тақырыптары бойынша мазмұнды ақпарат ұсынылды. Тәжірибелі тренерлер теориялық біліммен қатар, нақты практикалық кейстерді талдау арқылы қатысушылардың кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізді. 

Аталған семинар үкіметтік емес ұйымдардың өзара тәжірибе алмасуына, жаңа серіктестік байланыстар орнатуына және өңірдегі азаматтық қоғам институттарының дамуына оң ықпал етті.


#Семей, #Абай облысы, #қоғам