Абай облысының әкімі Семейдегі 1988 жылдан бері жаңартылмаған жылу желісіндегі жөндеу жұмыстарымен танысты

Абай облысының әкімі Семейдегі 1988 жылдан бері жаңартылмаған жылу желісіндегі жөндеу жұмыстарымен танысты

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли таңғы сағат 7-ден бастап Семейдегі жылу желілері, жылу қазандықтары мен аулаларда жүргізіліп жатқан жұмыстармен, проблемалық мәселелермен танысты.Аймақ басшысы әуелі Жамақаев көшесіндегі жылу трассасын қайта жаңарту жұмыстарының барысын қадағалады.

Аталған жоба аясында ұзындығы 1,8 шақырым болатын, 1988 жылдан бері жөндеу көрмеген ескі жылу желілері толық жаңартылады. Құбыр диаметрі 530 мм-ден 630 мм-ге дейін ұлғайтылады. Жоба іске асқанда қаладағы жылу жүйелерінің тозу деңгейі 1,4 пайызға төмендейді. Жоба екі кезеңнен тұрады. Қазіргі таңда жұмыстың 77 пайызы орындалған. Былтыр 1,05 шақырым (58%) жылу желісі салынған. Биылғы жылдың басынан бері 400 метр құбыр төселген. Мердігерлер облыс әкіміне жұмысты мерзімінен бұрын аяқтап, бірден абаттандыру жұмыстарына кірісетінін жеткізді. 

Аймақ басшысы мердігерлерге жұмысты уақтылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды.

«Жұмысты жүргізгенде бұрын жасалған ойын алаңдарына зақым келтірмей, жылу желісінің жанынан өткізгендеріңіз дұрыс шешім болған екен. Бұл жылу желісінің ауыстырылмағанына 35 жылдан асыпты. Мұндағы жұмысты жылу маусымы басталғанға дейін аяқтап, пайдалануға беру керек», - деді облыс әкімі.

Семей қаласында орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ететін 19 жылу қазандығы мен 1 жылу электр орталығы бар. Биыл облыс орталығындағы жылу желілерін жаңғырту бойынша 6 жоба іске асырылуда.


#Семей, #Абай облысы, #Абай облысының әкімі, #жылу