Абай облысының әкімі Жарма ауданының тұрғындарымен кездесті

Абай облысының әкімі Жарма ауданының тұрғындарымен кездесті

Облыс әкімі Берік Уәли Жарма ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы және алдағы жоспарлар туралы тұрғындарға есеп берді. Жиында алдымен Жарма ауданының әкімі Нұрлан Борсықбаев 2024-2025 жылдардағы негізгі көрсеткіштерге тоқталып, атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.

Аймақ басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, шешімін күткен мәселелер және алдағы жоспарлар туралы баяндама жасады.

Облыс бойынша 2024 жылғы өңірлік өнім көлемі 4,3% өсіммен 3,2 трлн теңгеге жетті. Инвестиция көлемі 575,4 млрд теңгені құрады, оның 436,4 млрд теңгесі – жеке инвестиция. Бұл көрсеткіштердің 9%-ы ауыл шаруашылығына, 7,7%-ы құрылыс, 4,3%-ы көлік саласына тиесілі.

Жиында ауданға қатысты бірқатар мәселелерге тоқталды. Облыстағы жылу желілерінің 59,4%-ы, ал Жармада 68,6%-ы тозған. Биыл Шуақ ауылындағы қазандық пен жылу желілерін жөндеуге қаржы бөлінді.

Ауыз су бойынша облыста 33 жоба іске асуда, оның ішінде Қалбатау және Жаңғызтөбе ауылдарындағы су жүйелерін жаңғырту да бар. Сұлусары ауылындағы жобаны аяқтау үшін құжаттамалар қайта түзетілуде.

Жарма ауданында биыл 20 шақырымнан астам жол жөнделеді. Оның ішінде «Жаңғызтөбе – Жарық» бағытындағы жол мен Қалбатау, Үшбиік ауылдарының көшелері бар.

Кешенді күрделі жөндеуді қажет ететін мектептер саны – 230. Жоспар бойынша алдағы үш жылда 75 мектеп реновациядан өтеді. Жарма ауданында 15 мектепке ағымдағы жөндеу жүргізіліп, 7 мектепке жаңа пәндік кабинеттер алынады. 

Қазіргі уақытта аудандық ауруханаға жаңа құрылғылар алынып, Қапай батыр ауылындағы медициналық пунктке күрделі жөндеу жүргізілуде. Шар қаласындағы аурухана мен санитарлық автокөлік паркін жаңарту жұмысы қолға алынбақ. 

Спорт және мәдениет саласы бағытында да бірқатар жобалар іске асып жатыр. Қалбатау ауылында стадион мен бассейн салынып, Жаңғызтөбеде спорт модулі бой көтеруде. Шар қаласының Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтеді. Аудандық мәдениет үйіне жаңа музыкалық аппаратура мен аспаптар сатып алынады.

Кездесу соңында тұрғындар сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Ауылдар арасындағы жолдарды жөндеу, Үшбиік ауылындағы Ащысу өзені үстінен өтетін көпір, Қалбатау ауылында мектеп салу, Шар қаласындағы бассейн мен әлеуметтік нысандар құрылысына қатысты мәселелерді көтерді.

Облыс әкімі кездесуде көтерілген мәселелердің назарға алынатынын, бірқатары бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, бюджеттік өтінім берілгенін айтты.

«Жарма ауданына үшінші мәрте келіп отырмын. Шар қаласында екі рет болдым. Жарма – тоғыз жолдың торабында орналасқан, экономикасы дамыған аудан. Ауданның дамуы үнемі менің назарымда. Аудандағы өзекті мәселелердің бірі – Үшбиік ауылындағы көпірдің жағдайы. Оны қайта салу үшін Көлік министрлігіне өтінім берілді. Биылғы күзде мәслихат сессиясында облыстық бюджетті нақтылау кезінде бір бөлігіне қаржы қарастырып, жұмысты бастаймыз. Келесі жылы республикалық бюджеттен қаржы сұраймыз. Қалбатауда мектеп мәселесі өзекті болып тұр. Өйткені, бала саны көп. Сондықтан Қалбатауға жаңа мектеп салу жоспарда бар. Жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеңіздер. Жалпы аудандағы мәселелер рет-ретімен, жүйелі түрде шешілетін болады» деді аймақ басшысы.


#Абай облысы, #Жарма ауданы