«Абай жастары» тұрғын үй бағдарламасы: қатысушылар үшін жаңа мүмкіндіктер
Семей қаласы жастарына арналған «Абай жастары» тұрғын үй бағдарламасы бойынша алдын ала іріктеу нәтижелері белгілі болды. Бұл бағдарлама - жастарды баспанамен қамтуға бағытталған маңызды әлеуметтік бастамалардың бірі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында «Отбасы банк»АҚ Абай облыстық филиалының Бизнесті дамыту бөлімінің маманы Манат Ахтанов мәлімдеді. Бағдарлама аясында іріктеуден өткен қатысушылар «Отбасы банк» АҚ бөлімшелеріне жолдама алады. Осыдан кейін банк тарапынан қатысушылардың төлем қабілеттілігін растау үдерісі басталады. Бұл кезең 10 жұмыс күніне дейін созылады.
– Айта кету керек, әрбір өтініш жеке тәртіпте қаралады. Қатысушылардың табыс деңгейі, жұмыс орны және жалпы қаржылық жағдайы жан-жақты сарапталып, шешім сол деректер негізінде қабылданады. Бұл болашақта несие төлеу барысында қаржылық қиындықтардың алдын алу мақсатында жүргізілетін маңызды кезең, – деді спикер.
Төлем қабілеттілігі расталған жағдайда, келесі кезеңде тұрғын үйді таңдау және ипотекалық несие рәсімдеу жұмыстары жүзеге асырылады.
- Сонымен қатар «Абай жастары» бағдарламасына қатысушы «Отбасы банк» клиенттері үшін арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтқанда, Citeco компаниясының "Jagalau"тұрғын үй кешенінен пәтер таңдаған жағдайда 2 миллион теңге, ал Saikan, Development компаниясының «Тарлан» тұрғын үй кешенінен баспана алған жағдайда 1 миллион теңге көлемінде жеңілдік ұсынылады, - деді Манат Ахтанов.
Спикердің айтуынша, «Абай жастары» бағдарламасы алдағы жылдары да жалғасады. Осыған байланысты жастарға алдын ала дайындалып, тұрақты табыс көзін қалыптастыру, депозит ашу және бастапқы жарнаны жинақтауға кеңес беріледі. «Отбасы банк» АҚ болашақ қатысушыларға әрдайым кеңес беріп, қажетті ақпарат пен бағыт-бағдар ұсынуға дайын.
#Семей, #Абай облысы, #жастар, #баспана