«Адал ас» компаниясы мемлекеттік тілдегі жарнама байқауында Бас жүлдеге ие болды

«Адал ас» компаниясы мемлекеттік тілдегі жарнама байқауында Бас жүлдеге ие болды

Астана қаласында «Жарнама — тіл тазалығының көрінісі» атты мемлекеттік тілдегі жарнама мәтіндерін сауатты рәсімдеуді насихаттауға арналған республикалық байқаудың марапаттау салтанаты өтті. 

Байқаудың басты мақсаты — мемлекеттік тілді кеңінен қолдану, жарнама мәтіндерінде сауатты жазуды дәріптеу және Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» заңының талаптарының орындалуын бақылау.

Аталған байқауда ұлттық өнім өндіретін «Адал ас» компаниясы Бас жүлдені жеңіп алып, үздіктер қатарынан көрінді. Компания қазақ тілінде сауатты, түсінікті әрі көркем жарнама мәтіндерін дайындау арқылы тіл мәдениетіне қосқан үлесі үшін жоғары бағаланды.

Марапаттау рәсіміне компанияның HR директоры Рысгүл Мадвасова ханым қатысып, бұл жетістікке ұжым еңбегінің, сонымен қатар мемлекеттік тілге деген құрметтің нәтижесінде қол жеткізілгенін атап өтті.

«Біздің мақсатымыз — тек сапалы өнім өндіру ғана емес, сонымен қатар ұлттық құндылықтарды, соның ішінде мемлекеттік тілді насихаттау. Тіл тазалығын сақтап, сауатты жарнама жасау — компанияның беделі мен мәдениетінің көрінісі», — деді Рысгүл Мадвасова.

«Жарнама — тіл тазалығының көрінісі» байқауы жыл сайын еліміздің түрлі өңірлерінен қатысушыларды жинап, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосып келеді. Бұл жолы да байқау қазақ тіліндегі жарнаманың сапасын арттыруға бағытталған маңызды алаң болды.

«Адал ас» компаниясының бұл жеңісі — мемлекеттік тілді құрметтеу мен оның қолданысын нығайтуға қосқан нақты үлес.


#Семей, #Абай облысы, #Адал Ас