Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз
Қоғам 51 қаралымabaidan.kz

Күре жолдың қауіпсіздігі күшейтіледі

Күре жолдың қауіпсіздігі күшейтіледі

Абай облысы арқылы өтетін халықаралық маңызы бар «Омбы – Майқапшағай» автомобиль дәлізінің «Қалбатау – Майқапшағай» учаскесінде жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасып жатыр.

Қайта жаңғыртудан өткен жол өткен жылы көлік қозғалысы үшін толық ашылған. Дегенмен жол бойындағы инфрақұрылымды толықтыру және абаттандыру жұмыстары әлі де жүргізілуде. Атап айтқанда, қорғаныс темірлері мен қар ұстайтын қалқандар орнатылып, аялдамалар мен жылыту пункттері салынуда.

Мамандардың айтуынша, көлік ағыны жоғары халықаралық дәлізде жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше мән беріліп отыр. Осы мақсатта жылдамдықты бақылайтын құрылғылар орнатылып, ауыр жүк көліктерінің салмағын өлшейтін жүйені іске қосу жоспарланған.

Мердігер компания өкілдерінің мәліметінше, жолдың бірнеше учаскесіндегі жұмыстар аяқталуға жақын.

«Бірінші учаскені былтыр тапсырғанбыз. Қазіргі таңда төртінші учаскені тапсыруға дайындалып жатырмыз. Үшінші учаскедегі жұмыстардың 90 пайызы аяқталды. Қалған 10 пайызы бойынша барьерлік қоршаулар, қар ұстайтын қалқандар және жылыту пунктіне қатысты жұмыстар жүргізіліп жатыр», – дейді мердігер компания өкілі Дидар Сахаритов.

Жолдың 970-шақырымындағы «Байбура» асуында да жылыту пункті салынып жатыр. Бұл учаске қыс мезгілінде көлік қозғалысы үшін күрделі аумақтардың бірі саналады. Қалың қар мен боран кезінде жолда қалып қоятын көліктерге жедел көмек көрсету үшін мұндай нысанның маңызы зор. Қазір жылыту пунктіне электр желісін тарту жұмыстары жүргізілуде.

№29 жол пайдалану бөлімінің басшысы Гүлдарай Мұхамадиеваның айтуынша, «Қалбатау – Майқапшағай» тас жолындағы негізгі жұмыстар аяқталған. Жол белгілері орнатылып, жолақтар сызылған. Енді жолды жыл бойы тиісті деңгейде күтіп ұстау жұмыстары жүргізіледі.

Жол сапасының жақсарғанын тұрғындар да атап өтуде. Олардың айтуынша, әсіресе қыста қар жиі тұрып қалатын «Байбура» асуындағы жағдай айтарлықтай жақсарған.

«Жол дегеніміз – экономиканың күретамыры. Жол жақсы болса, елге олжа. Байбурада бұрын қар ұстап қалатын. Қазір халыққа өте қолайлы болды», – дейді тұрғын Тілеген Мешелов.

Сонымен қатар республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының сапасын бақылау бағытында «Халықтық бақылау» жобасы іске асырылып жатыр. Ал пайдалануға берілуі тиіс учаскелердегі құрылыс жұмыстарының сапасын «Жол активтері сапасының ұлттық орталығының» мамандары бақылауда ұстап отыр.

Жаңғыртылған «Қалбатау – Майқапшағай» бағытының толыққанды іске қосылуы өңірдегі көлік қатынасын жақсартып қана қоймай, Қытай мен Ресей арасындағы халықаралық транзиттік байланысты дамытуға да мүмкіндік береді.