Еңбек мәртебелі іс – Абай облысында Еңбек күні кеңінен аталып өтті

Еңбек мәртебелі іс – Абай облысында Еңбек күні кеңінен аталып өтті

Еңбекпен келген табыс, мансаптағы өрлеу, ұжымның құрметіне бөлену, тұрақты еңбекақы мен лайықты демалыс – мұның барлығы адал еңбектің нәтижесі. Қазақстанда еңбекқор, ісіне берілген жандарды құрметтеу мақсатында Еңбек күні атап өтіледі. Бұл мереке биыл Абай облысында да кең ауқымда ұйымдастырылып, кәсіпкерлер көрмесі мен бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап. 

Бесқарағай ауданынан келген көпбалалы ана, кәсіпкер Шұғыла Кәріпова өз ісін дамыту үшін мемлекеттен грант алып, бүгінде сүт өнімдерін өндірумен айналысуда.

– Қазіргі уақытта құрт пен май жасап, сатылымға шығарып отырмын. Тұрақты табыс бар. Осындай мүмкіндіктер ұсынған мемлекетке алғысым шексіз. Баршаңызды Еңбек күнімен құттықтаймын! – деп Шұғыла Кәріпова өзінің қуанышымен бөлісті.

Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесіне Ұлттық гвардия өкілдері де қатысып, әскери бөлімдерде бос орындар бар екенін хабарлады. Еңбек мобильділігі орталығының директоры Еркебұлан Тұрсын Абай облысының бірнеше аудандарынан келген кәсіпкерлердің де белсенділік танытып отырғанын атап өтті.
 

– Бүгінгі жәрмеңке Еңбек күніне арналған. Оған 29 кәсіпорын мен ұйым қатысып, 300-ге жуық бос жұмыс орнын ұсынды. Сонымен қатар, 2023-2024 жылдары мемлекеттік грант алған кәсіпкерлер де өз өнімдерін арнайы көрмеге қойды. Көрмеге Бесқарағай, Аягөз, Жарма, Абай, Бородулиха аудандарының кәсіпкерлері қатысып отыр, – деді Еркебұлан Тұрсын.

Жәрмеңкеде ірі кәсіпорындар да болды. Олардың қатарында «Қаражыра» АҚ, «Daewoo Bus Kazakhstan» ЖШС, «СемАЗ» ЖШС, «Qazaq Astyq Group» ЖШС, «Семей цемент зауыты» ЖШС, «Шығыс Бройлер» ЖШС, «Семей құрылыс материалдары» ЖШС сияқты белгілі мекемелер бар.


Бородулиха ауданының Новопокровка ауылының тұрғыны Рысқайша Олжаева да мемлекеттен грант алып, мал шаруашылығын дамытып келеді. Кәсіпкер өзінің өнімдерін жәрмеңкеде көпшілікке ұсынды.

– Бүгін Еңбек күнінде өнімдерімізді жұрт назарына ұсынудамыз. Ауыл шаруашылығы – еңбекқорлықты талап ететін сала, ерте тұрып, кеш жатамыз. Осындай шараларды жиі өткізіп тұрса деген тілегім бар. Мен мемлекеттен грант алып, мал сатып алып, шаруашылығымды дамыттым. Барша қазақстандықтарды Еңбек күнімен құттықтаймын! – деп өз ойын қорытындылады кәсіпкер.

Еңбек күніне арналған мерекелік шаралар мұнымен шектелмеді. Семей қаласының өнерпаздары автобус жүргізушілері мен кондукторларды ерекше құттықтап, қоғамдық көлікте ән шырқап, жолаушылардың да көңілін серпілтті. Сонымен қатар, блогерлер шағын челлендж ұйымдастырып, еңбекқор семейліктерге – өз ісінің мамандарына кофе мен шоколад сыйлап, олардың еңбегін жоғары бағалады.


#Семей, #Абай облысы, #Еңбек күні