Қазақстан мен Өзбекстан: аймақтық үлгі мен экономикалық даму жолдары

Қазақстан мен Өзбекстан: аймақтық үлгі мен экономикалық даму жолдары

Халықаралық сарапшылар мен саясаткерлер арасында Өзбекстанның жаңа экономикалық модель ұсынуға ұмтылуы жиі талқылануда. Елдің халықаралық форумдардағы баяндамалары, серпінді даму, ашықтық пен цифрландыруға басымдық беруі көпшіліктің назарын аударғаны анық. Дегенмен, журналист әрі PR-маман Айбар Олжаевтың әлеуметтік желідегі пікіріне қарасақ, бұл бағытта Өзбекстан Қазақстанның бұрыннан өткен жолын қайталап келе жатқанын байқаймыз,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі. 

Қазақстан өзінің дамуы барысында ұлттық мүдделерге толық сай келетін, теңгерімді сыртқы саясат ұстанатын мемлекетке айналды. Сонымен қатар, еліміз әділетті әлемдік тәртіп қалыптастыруға өз үлесін қосып отыр. Бұл тұрғыдан қарағанда, Қазақстан аймақтағы күн тәртібін қалыптастыратын жетекші елге айналды деуге болады.

Экономикалық көрсеткіштерге келер болсақ, кейде Өзбекстанның ІЖӨ өсімі Қазақстанға қарағанда жоғары сияқты көрінеді. Мысалы, былтыр Өзбекстанда ІЖӨ 7,7 пайызға өсіп, 147 миллиард долларға жеткен. Қазақстанда бұл көрсеткіш 6,5 пайызды құрады, бірақ жалпы ІЖӨ көлемі 300 миллиард долларға асып отыр. Сонымен қатар, жан басына шаққандағы табыс, еңбек өнімділігі, урбанизация деңгейі мен қаржы нарығы бойынша Қазақстан әлі де алда келеді.

Цифрландыру саласында да ұқсас жағдай байқалады. Өзбекстан электрондық үкімет, цифрлы қызметтерге көп көңіл бөліп жатыр, бірақ жүйелік тұрғыдан бұл процесс әлі әкімшілік бақылаудан толық босай қойған жоқ. Қазақстанда керісінше, цифрландыру қоғам мен бизнестің өміріне терең еніп, экожүйелік деңгейге жеткен. Тіпті, еуропалық сарапшылар да біздің онлайн төлем жүйелері мен QR-сервисіне таңғалатынын жасырмайды.

Айбар Олжаев атап өткендей, мәселе Өзбекстанда емес: көрші елдің реформаларға талпынысы дұрыс әрі түсінікті. Қазақстан бұл жолды әлдеқашан өтіп, сыртқы имиджге емес, басқару сапасына және ұзақ мерзімді дамуға басымдық беруді үйренді. Қорытындылай келе, Қазақстан аймақтағы даму күн тәртібін қалыптастырып отыр, ал Өзбекстан осы жолды саралап, өзінің әлеуетін барынша дамытып келеді.


#экономика, #Қазақстан