Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз
Қоғам 37 қаралымabaidan.kz

«Қаладан – ауылға»: бір аптада 42 отбасы ауылға көшті

«Қаладан – ауылға»: бір аптада 42 отбасы ауылға көшті

Абай облысында «Қаладан – ауылға» жобасы қарқынды жүзеге асырылып жатыр. Аймақ басшысы Берік Уәлидің бастамасымен қолға алынған жобаға қызығушылық танытқан азаматтардың саны артып, ауылдық елді мекендерге қоныс аударушылар қатары көбейіп келеді.

Жоба басталған алты ай ішінде облысқа жалпы саны 1241 адамнан тұратын 395 отбасы көшіп келді. Оның 508-і Семей қаласынан, 733-і еліміздің басқа өңірлерінен қоныс аударған.

Соңғы аптада ғана облыс ауылдарына 42 отбасы қоныстанды. Бұл – жоба басталғалы бір аптадағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Бұған дейін ауылдарға аптасына орта есеппен 10-15 отбасы көшіп келген.

Жыл соңына дейін облысқа 500 отбасын қоныстандыру жоспарланған. Қазіргі таңда меженің 79 пайызы орындалды. Әр ауданға 50 отбасынан қабылдау міндеті қойылған. Бұл көрсеткіш қала және аудан әкімдерінің қызметін рейтингтік бағалау жүйесіне де енгізілген.

Қоныс аударған отбасылардың жаңа ортаға бейімделуі мен тұрмыс жағдайы тұрақты бақылауда. Әр отбасының жағдайы, өтініш-тілектері мен туындаған мәселелері зерделеніп, оларды жедел шешуге басымдық берілуде. Бұл жұмыстар аудан әкімдерінің жобаға жауапты орынбасарлары және ауыл әкімдерімен бірлесіп жүргізіледі.

Айта кетейік, 20 ақпанда Семей қаласында Берік Уәлидің бастамасымен «Қаладан – ауылға» өңірлік форумы өтіп, оның аясында осы аттас жаңа жобаның басталғаны жарияланған болатын.