Мақаншы ауданында қар шығару жұмыстары қарқынды жүргізілуде

Мақаншы ауданында қар шығару жұмыстары қарқынды жүргізілуде

Мақаншы ауданында 3 күн бойы толассыз жауған қарды тазалау және шығару үшін жұмыстар күшейтілген тәртіпте жүргізілді. Қалыптасқан жағдайды тұрақтандыру мақсатында, мердігер мекемелер мен коммуналдық қызметтер жұмылдырылып, қажетті техника мен жұмыс күші тартылған. Бұл туралы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының м.а. Аслан Құсайынов мәлімдеді,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі. Оның айтуынша, 2025 жылғы 8-11 наурыз аралығында толассыз жауған қарды тазалау бойынша аудан аумағында кешенді жұмыстар жүргізілген. Қар күреу және шығару жұмыстарына  2 К-700 тракторы, 14 МТЗ тракторы;1 КамАЗ "Урал", 2 жүк тиегіш, 2 автогрейдер және 60 адам тартылып, нәтижесінде 3900 м³ қар шығарылған.

Сонымен қатар, ерікті жастардың қолдауымен аудан аумағында әлеуметтік осал топқа жататын азаматтардың аулалары қардан тазартылған. Оған белсенді жастар тартылып, олар егде жастағы азаматтар, мүмкіндігі шектеулі жандар және көпбалалы отбасылардың аулалары мен кіреберістерін қардан аршып, қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз еткен. Ерікті жастардың жасаған істеріне ризашылығын білдіргендердің бірі - жалғызбасты қарт Рахым Мұқашұлы. Ол қолғабыс еткен жастарға алғысын айтты.

"Қыстың қытымыр күндерінде жалғыз өзіме ауламды қардан тазарту оңай болмады. Ерікті жастар келіп, бірден көмектесіп, ауланы толықтай қардан тазалап берді. Осындай қайырымды, әрі қамқор жастардың барына қуаныштымын. Баршаңызға алғысым шексіз, еңбектеріңізге береке тілеймін!" – деді ақсақал.

Аудан әкімінің орынбасары О. Соғымбайдың мәлімдеуінше, қар тазалау жұмыстары ауданның негізгі көшелері мен әлеуметтік маңызы бар нысандардың аумағында қарқынды жүргізілген. Бұл шаралар көлік қозғалысы мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жасалуда. Аудан әкімдігі тарапынан көліктердің қалыпты қозғалысы мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылданған. 

“Тау бөктеріндегі ауылдарға қар маусымдық нормадан асып түсті.Техника жетіспеушілігі байқалады.Дегенмен жігіттер күндіз түні қызмет істеп жатқанын көзіміз көріп отыр. Бірақ болашақта мұндай табиғаттың тосын мінезіне дайындық жасау керек деп ойлаймын, - дейді Қарабұта ауылының тұрғыны Нұрлан Темірханов.

Сонымен қатар «Таскескен-Бақты» республикалық тас жолын қардан тазалайтын «ҚазАвтоЖол» мекемесімен тұрақты байланыс орнатып,аталған жол бөлігіндегі ДЭУ -24 мекемесіне нақты ұсыныстар жасалды Қазіргі уақытта қар тазалау жұмыстары жалғасуда. Дегенмен қалың қар жауып, ауа райы да ырық бермей тұр. 


#Абай облысы, #қар тазалау, #Мақаншы ауданы