Қоғам 25 қаралымabaidan.kz

Семейдің жаңа даму бағыты: Бас жоспарға түзетулер ұсынылды

Семейдің жаңа даму бағыты: Бас жоспарға түзетулер ұсынылды

Семей қаласының Бас жоспарына түзету енгізу жобасы бойынша қорытынды қоғамдық талқылау өтті. Жиынға қала әкімі Әділет Қожанбаев, қоғам белсенділері және қала тұрғындары қатысты. Қоғамдық талқылау барысында қаланың алдағы даму бағыттары, аумақтарды тиімді пайдалану және ірі инвестициялық жобаларды орналастыру мәселелері талқыланды.

Семейдің жаңа даму бағыты: Бас жоспарға түзетулер ұсынылды

Қала әкімі Бас жоспарға енгізілетін өзгерістердің Семейдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, құжатқа енгізілетін түзетулер қаланың жаңа даму перспективаларын айқындап, бірқатар ауқымды жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Семейдің жаңа даму бағыты: Бас жоспарға түзетулер ұсынылды

«Бас жоспарға енгізілетін түзетулер аясында облыс әкімі Берік Уәлиұлының бастамасымен Семей қаласында жаңа «Smart City» әкімшілік-іскерлік орталығын құру, Павлодар–Алматы айналма магистралін салу, арнайы индустриялық экономикалық аймақты және өзге де ірі инвестициялық жобаларды орналастыру көзделген», – деді қала әкімі Әділет Нұрсағатұлы.

Жоба аясында қала аумағының шекарасына қатысты да өзгеріс ұсынылды. Атап айтқанда, Жарқын елді мекенінің аумағын Семей қаласының шекарасынан шығару арқылы әкімшілік шекараны нақтылау көзделіп отыр. Бұл ұсыныс елді мекен тұрғындарының өтініштері негізінде қаралған.

Семейдің жаңа даму бағыты: Бас жоспарға түзетулер ұсынылды

Қоғамдық талқылау барысында жобалаушы ұйым – «Град Проект KZ» ЖШС өкілі Таңат Шалұлы Шегебаев Бас жоспарды түзету жобасының негізгі бағыттары мен ұсынылып отырған қала құрылысы шешімдері туралы баяндама жасады.

Кездесуде тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, жобаға қатысты пікірлері мен ұсыныстарын білдірді. Осылайша, Бас жоспарды түзету барысында қоғамның ұсыныстары мен азаматтардың өтініштерін ескеру мәселесіне ерекше мән берілді.

Семейдің жаңа даму бағыты: Бас жоспарға түзетулер ұсынылды

Айта кетейік, Семей қаласының Бас жоспарына түзету енгізу жобасын әзірлеу жұмыстары биылғы наурыз айында басталған. Содан бері азаматтардан 250-ден астам өтініш пен ұсыныс келіп түскен. Олардың барлығы қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі мен жобалаушы ұйым тарапынан қаралған. Қорытынды қоғамдық талқылау аясында дауыс беру де өткізілді. Жиынға қатысқан тұрғындардың басым бөлігі Бас жоспарға түзету енгізуге қарсылық білдірмеді.

Осылайша, қоғамдық талқылау қаланың болашақ кеңістіктік дамуына қатысты тұрғындардың пікірін ескере отырып, Бас жоспарды жетілдіру бағытындағы маңызды кезеңдердің бірі болды. Құжатқа енгізілетін өзгерістер Семейдің инфрақұрылымын дамытуға, инвестициялық жобаларды іске асыруға және қаланың жаңа даму кезеңіне қажетті жағдай қалыптастыруға бағытталған.