Семей қаласында бұрын-соңды асфальтталмаған 36 көше жөнделеді

Семей қаласында бұрын-соңды асфальтталмаған 36 көше жөнделеді

Облыс әкімі Берік Уәли қаланы аралау барысында шаһардағы жол жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Аймақ басшысы сол жағалаудағы Крестьянская көшесіндегі жолдың құрылысын көрді. Қазіргі уақытта мұнда қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілуде. 

Биыл Семей қаласындағы 40 шақырымнан асатын 52 көшеде жөндеу жүргізу жоспарланған. Соның ішінде 36 көше бұрын-соңды асфальтталмаған. Тек қиыршық тас төселген. Жобаларды іске асыру нәтижесінде қаланың жол инфрақұрылымының сапасы айтарлықтай артады.

Барлық нысандар 6 жобаға бөлініп, мемлекеттік сараптамадан өткен. Қазіргі таңда 3 жоба бойынша мердігер анықталған. Жөндеу жұмыстары қаланың сол жағалауындағы Крестьянская және Өтепбаев көшелерінде басталды.

Аймақ басшысы мердігерлерге жұмысты сапалы әрі уақытында аяқтауды тапсырды.

«Биыл Семейде 50-ден астам көше жаңа кейіпке енеді. Бұл – өте ауқымды жұмыс. Біз қаладағы бұрын мүлде асфальт төселмеген көшелерге басымдық беріп отырмыз. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастырамыз» деді облыс әкімі. 

Аймақ басшысы аспалы көпірде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысымен де танысты. Облыс орталығының қос жағалауын байланыстырып тұрған көлік өткелінің асфальт жабынын толық ауыстыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Мамандардың айтуынша, асфальт жабынын қыру жұмысы аяқталған. Қазіргі уақытта көпірде арнайы материал төсеу жұмыстары басталған. Бұл жұмыс осы саланың білікті мамандарының қатысуымен, көпірлерге арналған технологиялар бойынша жүргізілуде.

Асфальтты ауыстыруға 80-ге жуық жұмысшы және 20-дан астам арнайы техника тартылған. Жоба бойынша жөндеу жұмыстары шілде айында аяқталады деп жоспарланып отыр.


#Абай облысы, #көпір, #құрылыс