Семей қаласының 10 айлық даму қорытындысы жарияланды

Семей қаласының 10 айлық даму қорытындысы жарияланды

Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде алғаш рет сайланған әкім ретінде Семей қаласының әкімі Әділет Қожанбаев 2025 жылдың 10 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын баяндады, -деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі.  Есеп беру барысында өнеркәсіп, инвестиция тарту, тұрғын үй құрылысы, инфрақұрылым, сумен және жылумен қамтамасыз ету, әлеуметтік сала, спорт, білім, абаттандыру бағыттарындағы жұмыстар егжей-тегжейлі қамтылды.  Экономика және инвестиция бойынша, өнеркәсіп өндірісі 300,8 млрд теңгеге жетіп, өсім 114,4% болды. Негізгі капиталға салынған инвестициялар – 112,1 млрд теңге.

Қалада жалпы құны 46,7 млрд теңге болатын 10 инвестжоба іске асырылып жатыр. Жаңадан 895 жұмыс орны ашылады. Қосымша 7 жобаның құрылысы жалғасуда,-деі қала басшысы.

Қарағайлыда 3 көпқабатты үй пайдалануға берілді (208 пәтер). Жыл соңына дейін тағы 2 үй тапсырылады. Әлеуметтік осал топтарға 360 пәтер, «Абай жастары» жобасы аясында 40 жасқа баспана беріледі.

Сондай-ақ 52 көшеге жөндеу жүргізілді, оның 36-сы алғаш рет асфальтталды. Сонымен қатар облыс әкімінің тапсырмасымен қаладағы аспалы көпір және автокөлік көпірінің (халық арасында «Ескі көпір») асфальт жабындылары толығымен алынып, жаңа асфальт төселді. Сол жағалаудағы айналма жол жөнделді. Бұл жұмыстар жол сапасын жақсартып, тұрғындардың жайлы қозғалысына оң әсер берді,-деді қала әкімі.

Қарағайлы және Энергетик шағын аудандарын Омбы-Майқапшағай тас жолымен жалғайтын жаңа көше қазан айында пайдалануға берілді. Жоба аясында жаяу жүргіншілер мен веложолдар салынды, жарық тіректері орнатылды.

40 аулада асфальттау жұмыстары жасалды. 2025 жылдың басында 45 жаңа автобус сатып алу жоспарланған болатын. Бүгінде жоспар ертерек орындалып, қазіргі уақыттың өзінде 62 жаңа автобус сатып алынды. Семей қаласы әкімінің сөзінше, 1,5 млрд теңгеге су және кәріз желілері жөнделген. 5,4 шақырым кәріз коллекторын қайта құру жұмыстары басталған. 2025–2026 жылдардағы жылу маусымына дайындыққа 4,9 млрд теңге бөлінді. Бірқатар ірі қазандықтарда жөндеу аяқталды. Сонымен қатар,15 көше жарықтандырылды, 2400 шам ауыстырылды.
Мұрат және Бобровка саяжайларында электр желілері толық жаңғыртылуда.

Абаттандыру және тазалық бағытында 35 аула абаттандырылған. Республика күні қарсаңында Қарағайлы ықшам ауданында жаңа саябақ ашылды. Бүгінде абаттандырылып, ағаш және көшеттер егілді. Бұл бағыттағы жұмыстар абаттандырудың келесі кезеңдерінде де жалғасады. Одан бөлек Юность ауданында жаңа саябақтың құрылысы жүріп жатыр,- деді Әділет Қожанбаев.

Білім және әлеуметтік салада да атқарылған жұмыстар баршылық. Қарағайлыда 1200 орындық, Водныйда 600 орындық жаңа мектеп ашылды.
Зағип жандарға арналған арнайы кітапхана, ұзақ өмір сүру орталығы іске қосылды. «Инватакси» саны 19-ға жеткізілді.

Сондай-ақ қалада бірнеше жаңа спорт нысаны салынып жатыр. «Ұшақтар» кентінде футбол алаңы мен спорт орталығы пайдалануға берілді. Жабық манеж құрылысы жүріп жатыр,-деді қала басшысы.

Сайлауалды уәделердің орындалуы барысында жолдарды жөндеу, қиылыстарды кеңейту, кенттердегі көшелерді тегістеу, санитарлық ағаш кесу және қоқыс тазалау жұмыстары жоспарлы түрде атқарылуда. 2025 жылдың 10 айында Семей қаласы бірқатар маңызды инфрақұрылымдық, әлеуметтік және экономикалық жобаларды іске асырып, алдағы жылдарға бағытталған ауқымды жоспарларды жүзеге асыруды жалғастырып келеді. Қаланың даму қарқыны облыс әкімінің тапсырмалары мен қала әкімдігінің жүйелі жұмыстарының негізінде одан әрі жеделдейді деген сенімдеміз.


#Семей, #Абай облысы