«Arbat Fest»: Семей жастары өнерлерін еркін форматта паш етті
Семей қалалық Жастар ресурстық орталығы ұйымдастыруымен өткен «Arbat Fest» ашық микрофон іс-шарасы қала жастарының шығармашылығын шыңдауға бағытталған мәдени кешке айналды. Еркін форматта өткен шара барысында жастар ән айтып, өлең оқып, күй тартып, би билеп, өз өнерлерін көпшілік назарына ұсынды.

Шараның басты мақсаты – талантты жастарды қолдау, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және қала жастары арасында шығармашылық орта қалыптастыру. Сонымен қатар, қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, жастардың өнерге деген қызығушылығын арттыру көзделді.

Шара барысында Қанат Талғатов фестивальдің маңыздылығына тоқталып, «Arbat Fest» жобасының семейліктер арасында кеңінен танымал екенін атап өтті.

– «Арбат Fest шарасы Семей тұрғындары арасында кең таралған. Биыл бесінші жыл қатарынан жаз мезгілінде ұйымдастырылып отыр. Биылғы шараның мақсаты ерекше. Жаңа Конституцияны жастар арасында насихаттау және 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Жеңіс күніне арналды. Басты мақсат – жастарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, мерекелердің мән-мағынасын түсіндіру», – деді ол.
Сонымен қатар, орталық директоры Семей өңірінде өнерлі жастардың көп екенін айтып, олардың шығармашылығын қолдау мақсатында мұндай шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылатынын жеткізді.
– «Семей өңірі өнерлі жастарға толы. Әнге, биге, түрлі аспаптарда ойнайтын жастар өте көп. Сондықтан жастарға айына бір рет, мүмкіндік болса екі рет осындай шаралар өткізіп тұрамыз. Бұл – биылғы маусымның алғашқы фестивалі. Былтыр футбол клубымен бірлесіп фестиваль өткізген болатынбыз. Биыл да дәл сондай ауқымды шаралар жоспарланып отыр», – деді Қанат Талғатов.

Кеш барысында қала тұрғындары мен қонақтары жастардың өнерін тамашалап, ерекше әсер алды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Arbat Fest» алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізіліп, талантты жастардың шығармашылығын дамытуға өз үлесін қоса бермек.