Семейде ұзындығы 36 шақырым болатын 40 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде

Семейде ұзындығы 36 шақырым болатын 40 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде

Қаланың бақылауда ұстайтын басты мәселелерінің бірі - автожолдардың сапасы. Облыс орталығы мәртебесін алған бері Семейдің ішкі жолдарын жөндеуге бюджеттен қаражат көбірек бөлініп, негізгі көшелердегі асфальттың сапасы айтарлықтай өскен. Бірақ бұл әлі жеткіліксіз. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Абай облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Нұрсұлтан Көпшілов баяндады. - Семей қаласы бойынша жолдардың 59% нормативтік жағдайда. Деседе, жөндеу жұмыстары үнемі жүргізіліп тұрады. Қала бюджеті жолдарды жақсы жағдайда ұстауға мүмкіндік жасауда. Алдағы жылдары біз жолдардың нормативтік жағдайдағы пайызын едәуір арттыра аламыз деп ойлаймын, - деп атап өтті спикер. Жалпы, биыл жергілікті маңызы бар 300 шақырым автомобиль жолдары мен елді мекендердің көшелерін жөндеуге 26,1 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде: құрылыс пен реконструкциялауға – 10,2 млрд теңге, елді мекендердің жолдары мен көшелерін орташа жөндеуге - 15,9 млрд теңге қарастырылған. Бүгінгі күнде Семей қаласы бойынша 2 млрд теңгеге жалпы ұзындығы 36 шақырымды құрайтын 40 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ, "Омбы-Майқапшағай" жолынан "Северный" сауда-логистикалық орталығына дейінгі аралықта көше құрылысы жүргізілуде. Оған ағымдағы жылы 1,4 млрд теңге бөлінген.


#Семей, #жол