Семейде Желтоқсандықтарға құрмет көрсетілді
Тәуелсіздік күні қарсаңында Семей қаласының әкімі Әділет Қожанбаев “Абай облысы Желтоқсан-86” қоғамдық бірлестігінің қалада тұратын мүшелерімен кездесті. Тағылымды кездесу ел тәуелсіздігі жолында құрбан болған 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің қаһармандарына құрмет көрсетуге арналды.
Шара барысында алдымен Желтоқсан оқиғасы кезінде қаза тапқан азаматтардың рухына Абай Құнанбаев мешітінің имамы Құран бағыштады. Бұл — ел тарихындағы маңызды кезеңде ерлік көрсеткен боздақтарды еске алуға бағытталған тағзымды сәт болды.
Кездесу ашық форматта өтіп, желтоқсандықтар өздерін толғандырған әлеуметтік мәселелермен қатар, Семей қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Қала инфрақұрылымын дамыту, ардагерлерге көрсетілетін қолдау және қоғамдық мәселелер төңірегінде пікір алмасу болды.
Сондай-ақ бірлестік мүшелері қызметіне кіріскеніне екі ай болған қала әкімі Әділет Қожаебаевқа жауапты қызметінде сәттілік тілеп, көрсетілген құрмет үшін алғыстарын білдірді. Өз кезегінде қала әкімі желтоқсандықтардың тәуелсіздік жолындағы тарихи рөлін ерекше атап өтіп, көтерілген мәселелер мен ұсыныстардың назардан тыс қалмайтынын жеткізді.
Тағылымды кездесу Тәуелсіздік күні қарсаңында елдік рухты көтеріп, тарихи жадыны жаңғыртуға бағытталған маңызды шаралардың бірі болды.
#Семей, #Абай облысы, #Желтоқсан көтерілісі