Ұшқыштар шеберліктерін шыңдады.

Ұшқыштар шеберліктерін шыңдады.

Абай гарнизонының әуе базасының ұшқыштары «Шығыс» түраралық полигонында өткен алдыңғы шептегі авиациялық көздеушілер курсына қатысты. 

          Семей қаласында орналасқан 54835 әскери бөлімінің ұшқыштар жеке құрамы нысанашылардың алдын ала берген мәліметі бойынша шартты түрдегі жаудың көзін жою жаттығуларын өткізді. 

          54835 әскери бөлімі командирінің орынбасары подполковник Мансұр Нуржановтың айтуынша, мұндай жаттығулар ұшқыштардың ұшу машықтарын арттырып, нысананы дәл көздеуде шеберліктерін шыңдайды.

          - Оқу-жаттығу жиынында әуе базасының жеке құрамы Ми-17 тікұшағымен ұшып, С-8 зымыранымен әуеден 2 шақырым қашықтықтан соққы жасады. Жаттығулар барасында ұшқыштар өздерінің тәжірибелерінің жоғары деңгейде екенін көрсете білді. Көзделген мақсаттардың барлығы орындалды, - дейді подполковник Мансұр Нуржанов. 

          «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлеріне қарасты 31775 әскери бөлімінің взвод командирі лейтенант Диас Қалдановтың айтуынша, тәжірибе алмасудағы негізгі мақсат жауды алдын-ала анықтап, ол туралы ақпаратты тікұшақ экипажына беру және жауды жоюға көмектесу. 

          - Оқу-жаттығулар жоғары деңгейде өтті. Алдағы уақытта тәжірибемізді шыңдай беретініме сенімдімін. Абай гарнизонындағы әуе базасының жеке құрамына алғысымызды білдіреміз, - лейтенант Диас Қалданов. 

 

Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі