Семей қаласында Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты мерекелік іс-шара өтті.
Мерекелік жиынның басты мақсаты - халықты әлеуметтік қорғау саласында еңбек етіп жүрген мамандардың еңбегін ұлықтау, кәсіби жетістіктерін дәріптеу, олардың қоғамдағы маңызын айқындау және үздік қызметкерлерге құрмет көрсету. Салтанатты шара барысында Абай облысының әкімі Берік Уәлиұлы құттықтау сөз сөйлеп, әлеуметтік сала қызметкерлерінің қоғам өміріндегі ерекше рөліне тоқталды. Сонымен қатар салада ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек етіп келе жатқан мамандарға мемлекеттік наградалар, облыс әкімінің дипломдары мен Алғыс хаттары табысталды.

Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарына, «Абай облысына сіңірген еңбегі үшін» облыс әкімінің медаліне және облыс әкімінің Алғыс хаттарына бірқатар сала қызметкерлері мен ардагерлері ие болды.
Мерекелік бағдарламаның маңызды бөлігі - әлеуметтік қорғау саласының үздік мамандарын анықтауға арналған арнайы байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болды. Байқаудың негізгі мақсаты - үздік қызметкерлерді анықтау, олардың озық тәжірибесін тарату, кәсіби шеберлігін шыңдау және әлеуметтік сала мамандарының мәртебесін арттыру.
Байқау қорытындысы бойынша қатысушылар «Жылдың үздік әлеуметтік қызметкері», «Әлеуметтік сала ардагері», «Кәсіби сенімділік», «Алтын жүрек», «Шексіз қамқорлық», «Үздік басқарушы», «Салауатты өмір жаршысы», «Шексіз мүмкіндіктер бапкері», «Жыл спортшысы», «Спорт мақтанышы» және басқа да номинациялар бойынша марапатталды. Сондай-ақ байқауға белсенді қатысқан бірқатар мамандар Абай облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Байқау жеңімпаздарына қаржылай сертификаттар табысталды.
Салтанатты іс-шара аясында әлеуметтік сала мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту, көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында төрт мекемеге жаңа автокөліктердің кілттері табысталды.

Атап айтқанда:
«№2 Семей арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне – «ГАЗ-322173 NEXT» маркалы көлігі;
«Үржар балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне – «ПАЗ-320415-04» маркалы автобус;
«№1 Семей арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне – «Daewoo BH 120 F GDW» автобусы табысталды.
«Абай облысының мүгедектігі бар адамдарды абилитациялау және оңалту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне – «Dongfeng BWC3180GLV» маркалы арнайы техникасы.

Іс-шара барысында әлеуметтік сала қызметкерлерінің күнделікті еңбегі -адамға қолдау көрсету, қиын сәтте демеу болу, қоғамдағы осал топтарға қамқорлық таныту сияқты ізгі қасиеттермен сабақтас екені ерекше атап өтілді.
Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған марапаттау рәсімдері аталған мамандардың азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға, әділ әрі инклюзивті Қазақстанды қалыптастыруға қосқан баға жетпес үлесін мемлекет пен қоғам тарапынан жоғары мойындаудың жарқын көрінісі болды.





