Қарттар күніне орай «Әділет» партиясының «Жастар рухы» ЖҚ Абай облыстық филиалының белсенділері 90 жастағы тыл ардагері Альбина Федоровна Гончарованың үйіне барып, тазалық жұмыстарын жүргізіп, күнделікті тұрмысына қолғабыс етті. Сондай-ақ ардагерге жеміс-жидек себеті табысталды.

Бұл бастама «Әділет» партиясының Әділет, Патриотизм, Жауапкершілік, Еңбекқорлық және Прогресс құндылықтарымен сабақтас. Партия бағдарламасында қоғам игілігіне қызмет ету, жауапкершілікті сезіну және құндылықтарды нақты іске айналдыру маңызды бағыт ретінде айқындалған.

«Біз үшін үлкен кісілерге құрмет көрсету – жай ғана мерекеде құттықтап қою емес. Қолымыздан келгенше жыл бойы осы акция аясында көмектесіп, қастарынан табылудың өзі маңызды деп ойлаймыз. Бүгін Альбина апайдың үйіне келіп, тазалық жұмыстарын жасап, әңгімесін тыңдадық. Осындай кездесулерден кейін үлкендердің батасын алып, олардың өмір жолынан үлгі алудың қаншалықты маңызды екенін түсінесің. Біз де осындай игі істерді жалғастырып, үлкендерге әрдайым қолдау көрсеткіміз келеді», – дейді акцияға қатысқан «Әділет» партиясының белсендісі Еркежан Сағимоллаева.
Өз кезегінде Альбина Федоровна жастарға ризашылығын білдірді.


«Балалардың арнайы келіп, үйіме көмектесіп, көңіл бөліп отырғанына өте қуаныштымын. Жастардың үлкендерді ұмытпай, осындай құрмет көрсетіп жүргені жүрекке жылу береді, қуаныш сыйлайды. Бүгін ерекше риза болып тұрмын, баршаңызға алғысымды айтамын», – деді Альбина Гончарова.
Қамқорлықтың үлкені әрдайым ауқымды іспен өлшенбейді. Кейде бір қолғабыс, бір жылы сөз, бір көңіл бөлу адамның жүрегіне үлкен қуаныш сыйлайды. «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы – осы қарапайым шындықты нақты іспен көрсеткен бастама.




