Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз
Қоғам 31 қаралымabaidan.kz

Абай облысында «Кітап оқитын ұлт» жобасы жүзеге асырылуда

Абай облысында «Кітап оқитын ұлт» жобасы жүзеге асырылуда

Абай облысында «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасының өңірлік кезеңі басталды. Жоба тұрғындар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастырып, отандық және әлем әдебиетіне деген қызығушылықты арттыруға бағытталған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өңірлік жобалық кеңсе басшысы Мерей Қарт пен жобалық кеңсе координаторы Шағангүл Жанаева мәлімдеді.

Жоба Мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін дамыту және зияткерлік ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы Жарлығын іске асыру аясында қолға алынған. Бастаманың негізгі мақсаты – кітап оқуды қоғамның күнделікті өміріндегі тұрақты дағдыға айналдырып, тұрғындарды әдебиет арқылы білім мен рухани құндылықтарға ұмтылуға ынталандыру.

«Бүгінде кітап оқу мәдениетін қалыптастыру – қоғам дамуының маңызды бағыттарының бірі. Осыған байланысты елімізде оқуға деген қызығушылықты арттыруға, оқырман белсенділігін күшейтуге бағытталған бірқатар бастама жүзеге асырылып келеді. «Кітап оқитын ұлт» жобасы осы жұмысты жүйелі түрде жалғастырып, қоғамда кітап оқуға деген тұрақты әдет қалыптастыруды көздейді», – деді өңірлік жобалық кеңсе басшысы Мерей Қарт.

Оның айтуынша, жоба тек кітап оқитын азаматтардың санын көбейтуді ғана емес, қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыруды да мақсат етеді. Әсіресе балалар мен жастардың кітапқа қызығушылығын оятып, әдеби және рухани-мәдени құндылықтарды кеңінен насихаттауға басымдық берілмек.

«Бұл – белгілі бір топқа ғана арналған жоба емес, барша қоғамды біріктіретін ұзақ мерзімді қозғалыс. Жобаға мектеп оқушылары мен студенттер, педагогтер, мәдениет саласының өкілдері, еңбек ұжымдары, мемлекеттік қызметшілер, ата-аналар және аға буын өкілдері қатыса алады. Басты міндетіміз – кітап оқуды отбасыда, білім беру ұйымдарында, еңбек ұжымдарында және жалпы қоғамда күнделікті өмірдің табиғи әрі ажырамас бөлігіне айналдыру», – деді Мерей Қарт.

Өңірде жоба «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры мен Абай облысының әкімдігі арасындағы ынтымақтастық аясында жүзеге асырылуда. Тараптар өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, өңірде кітап оқу марафонын бастады.

Жоба аясында қатысушыларға арналған жеті бағыт қарастырылған. Олар мектеп оқушыларына, колледж және жоғары оқу орындарының студенттеріне, педагогтерге, отбасыларға, мемлекеттік қызметшілерге және басқа да азаматтарға арналған.

Жобаға қатысушылар арнайы іріктелген 330 кітаптан тұратын тізімнің ішінен 15 кітап оқуы тиіс. Оның 165-і қазақ тіліндегі, 165-і орыс тіліндегі шығармалардан құралған. Әдебиеттер тізіміне қазақстандық авторлардың шығармалары, әлемдік классика, заманауи әдеби туындылар, әлемдік бестселлерлер және әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының лауреаттары жазған шығармалар енгізілген.

«Кітаптарды іріктеу кезінде олардың мазмұны мен көркемдік деңгейіне, сондай-ақ оқырмандардың жас ерекшеліктері мен қызығушылықтарына мән берілді. Тізімге қазақстандық қаламгерлердің шығармаларымен қатар әлемдік классика және заманауи әдебиет үлгілері енгізілді. Сондай-ақ жалпыұлттық дауыс беру нәтижесінде қалыптасқан «100 кітап» тізіміндегі шығармалар мен әлемдік бестселлерлер де қамтылды», – деді жобалық кеңсе координаторы Шағангүл Жанаева.

Жобаның негізгі оқу кезеңі 2026 жылғы қыркүйектен 2027 жылғы наурызға дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында қатысушылар таңдалған шығармаларды оқып, жоба платформасындағы жеке кабинеттерінде кітаптар туралы қысқаша пікірлерін жариялап отырады.

Жоба үйлестірушілерінің айтуынша, бастама тек кітап оқумен шектелмейді. Оқу кезеңі аяқталғаннан кейін қатысушылардың шығармаларды қаншалықты меңгергенін анықтау мақсатында қорытынды тестілеу мен зияткерлік квиздер ұйымдастырылады. Олар 2027 жылғы наурыз–сәуір айларында өтеді.

«Қатысушылардың кітаптарды жай ғана оқып шығуы емес, олардың мазмұнын терең түсініп, негізгі ойларын меңгеруі маңызды. Сондықтан оқу марафоны аяқталғаннан кейін білімді тексеруге арналған қорытынды тестілеу мен зияткерлік квиздер өткізіледі. Бұл қатысушылардың оқу белсенділігін арттырып қана қоймай, кітапқа деген жауапкершілігін де күшейтеді», – деді Шағангүл Жанаева.

Өңірлік кезеңнің үздіктері арнайы марапаттарға ие болады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар қарастырылған. Атап айтқанда, бірінші орын иегеріне 600 мың теңге, екінші орынға 450 мың теңге, үшінші орынға 300 мың теңге көлемінде сыйақы табысталады.

«Жобаға қатысушылардың еңбегін ынталандыру мақсатында өңірлік кезеңнің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сыйлықтар қарастырылған. Бірінші орын иегері – 600 мың теңге, екінші орын – 450 мың теңге, үшінші орын – 300 мың теңге көлемінде сыйақы алады», – деп атап өтті Шағангүл Жанаева.

Жобаға қатысуға ниетті азаматтар reading-nation.kz платформасы арқылы тіркеле алады. Сайтта жобаға қатысу тәртібі, әр бағыт бойынша ұсынылған кітаптар тізімі және жеңімпаздарды анықтау талаптары толық көрсетілген.

Ұйымдастырушылар алдағы бес жыл ішінде Қазақстан халқының 50 пайызын кітап оқу мәдениетіне тартуды көздеп отыр. Ұзақ мерзімді мақсат – оқу мәдениетін қоғамның ортақ құндылығына айналдырып, Қазақстанды әлемдегі кітап оқу деңгейі жоғары мемлекеттердің қатарына қосуға үлес қосу.

«Кітап оқу – адамның жеке дамуына ғана емес, тұтас қоғамның интеллектуалдық әлеуетіне әсер ететін маңызды құрал. Сондықтан біздің мақсатымыз – бір реттік акция өткізумен шектелмей, ұзақ мерзімге бағытталған оқу мәдениетін қалыптастыру. Егер кітап оқу отбасыдан басталып, мектепте, жоғары оқу орнында, еңбек ұжымында жалғасын тапса, бұл бастама қоғамның мәдени және зияткерлік дамуына елеулі ықпал етеді», – деді Мерей Қарт.