Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз
Қоғам 29 қаралымabaidan.kz

Жаңасемей ауданында кірпіш зауытының құрылысы басталды

Жаңасемей ауданында кірпіш зауытының құрылысы басталды

Жаңасемей ауданының Приречное ауылдық округінде «TANGSOLPAN» ЖШС кірпіш зауытының іргетасын қалау рәсімі өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі Берік Уәли, «Таңшолпан» ЖШС бас директоры Хажай Тұрсынғазы қатысты.

Аймақ басшысы құттықтау сөзінде жаңа өндіріс орнының аудан экономикасын дамытудағы маңызына тоқталып, жобаның өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал ететінін атап өтті.

Жаңасемей ауданында кірпіш зауытының құрылысы басталды

«Бүгін біз облысымыздың құрылыс индустриясын одан әрі дамытуға жол ашатын маңызды инвестициялық жобаның басталуына куә болып отырмыз. Жаңасемей ауданының Приречный ауылдық округінде «Таңшолпан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кірпіш зауытының құрылысы басталғанына қуаныштымыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев құрылыс индустриясы экономиканың маңызды бағыты екенін айтып, жергілікті өнім көлемін арттыру қажеттігіне үнемі назар аударып келеді. Президент Қазақстан Республикасы Құрылтай депутаттары сайлауынан соң бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне берген сұхбатында: «Қазақстан үлкен құрылыс алаңына айналуы керек. Әр облыс орталығында немесе аудандар мен қалаларда ірі құрылыстар жүргізіледі», – деп айрықша атап өткен болатын. Бүгінде Абай облысында экономиканы әртараптандыруға, өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыруға және жергілікті жерде бәсекеге қабілетті өнім өндіруге ерекше мән берілуде. Қазіргі таңда облыста бюджет қаражаты есебінен 22 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілуде. Президенттің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Абайға құрмет» акциясы аясында Семей қаласында көптеген ғимарат салынып жатыр. Осы орайда облысымыз үшін құрылыс материалдарын өндіру саласының маңызы зор. Өңірде құрылыс қарқыны артқан сайын сапалы әрі қолжетімді отандық өнімге деген сұраныс та өсіп келеді. Жаңа зауыт соңғы үлгідегі заманауи, цифрлық технологиялармен жабдықталады. Мұнда жергілікті азаматтар жұмыс істейтін болады. Жаңа кәсіпорын ауданның дамуына серпін, тұрғындарға берекелі еңбек, өңірімізге мол өнім әкелсін», – деді Берік Уәли. 
 

Жаңасемей ауданында кірпіш зауытының құрылысы басталды

Қытай серіктестерімен бірлескен жобаның жалпы инвестициялық құны – 1,5 миллиард теңге. Аумағы 3 гектарды құрайтын «Таңшолпан» ЖШС-нің жаңа зауытында күніне 100 мың данаға дейін, 4 түрлі кірпіш өндіріледі. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты – 36,4 млн дана кірпіш. Бұл өңірдің құрылыс материалдарына деген қажеттілігін қамтамасыз етуге, жергілікті өндіріс көлемін ұлғайтуға және сырттан жеткізілетін өнімге тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді. Бүгінде құрылыс алаңында 25 жұмысшы және 5–10 бірлік арнайы техника жұмылдырылып, құрылыс-монтаж жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес қарқынды жүргізілуде. Контейнерлер орнатылып, электр желілерін тарту және нысанды сумен қамтамасыз ету мақсатында ұңғымаларды бұрғылау жұмыстары атқарылуда.

Жаңасемей ауданында кірпіш зауытының құрылысы басталды

Тұрғындар іске қосылатын жаңа өндіріс орнына ризашылықтарын жеткізді.

«Бүгін ауданымыз үшін қуанышты күн. Себебі, шетелден инвестиция тартып, ең алғашқылардың бірі болып, ауданымызға технологиясы жаңарған, заманауи үлгідегі кірпіш зауыты салынғалы отыр. Қаншама жұмыс орындары ашылып, халық игілігіне қызмет етеді. Аудан жұртшылығы атынан алғыс айтамыз», – деді Жаңасемей ауданының қоғамдық кеңес төрағасы Қасен Сейітқасымов.

Жаңасемей ауданында кірпіш зауытының құрылысы басталды

Қазіргі уақытта негізгі құрылыс-монтаж жұмыстарына дайындық шаралары жүргізілуде. Нысанды пайдалануға беру мерзімі – 2027 жылдың сәуір айы. Жоба аясында 25 жаңа жұмыс орны ашылады. Кәсіпорынның іске қосылуы жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға және ауданның іскерлік белсенділігін арттыруға ықпал етеді. Соңғы жылдары облыста жаңа өндірістік жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Биыл Аягөз ауданында жылдық қуаттылығы 250 мың тонна мыс кенін өңдейтін «Sarybulak Operating» компаниясының байыту фабрикасы іске қосылды. Бүгінде өңірде «SUTO Kazakhstan» индустриялық паркі, құны 7,7 млрд теңгелік «Eurasia AgroSemey» ет өңдеу кешені, 7,1 млрд теңгелік «Qazaq Astyq Group» күнбағыс майын терең өңдеу өндірісі және басқа да ірі инвестициялық жобалар іске асырылып жатыр. 

Биылдың өзінде жалпы құны 34,6 млрд теңгені құрайтын 14 инвестициялық жоба пайдалануға беріліп, 598 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл өңірдің инвестициялық әлеуетінің тұрақты артып келе жатқанын және инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптасқанын айқын көрсетеді.