Семей қаласында Халықаралық қарттар күніне орай ардагерлерге арналған «Ашық есік» күні өтті. Іс-шара Абай облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің ғимаратында ұйымдастырылып, аға буын өкілдеріне құрмет көрсетілді.
Кездесудің негізгі мақсаты – ардагерлердің ел қорғанысы саласына қосқан үлесін атап өту, олардың өмірлік тәжірибесін кейінгі ұрпаққа насихаттау және ұрпақтар сабақтастығын нығайту.

Шара барысында ардагерлерге жылы лебіздер айтылып, мерекеге орай құттықтаулар жолданды. Қатысушыларға бейбіт өмір мен ел қауыпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы еңбектері үшін алғыс білдірілді.
Ашық есік күні аясында ардагерлер Абай облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің қызметімен танысып, мекеме қызметкерлерімен пікір алмасты. Кездесу барысында әскери-патриоттық тәрбие, жастарды Отан қорғауға даярлау және аға буынның өнегелі өмір жолын кейінгі ұрпаққа жеткізу мәселелері сөз болды.



Шараны мерекелік бөлігінде Ұлттық әскери-патриоттық орталығы өнерпаздары ардагерлерге арнап әсем әндер орындап, көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Өнерпаздардың өнері көпшілік көңілінен шығып, көрермендерге ерекше әсер қалдырды.
Іс-шара соңында ардагерлерге мерекелік сый-сияпаттар табысталып, естелік суретке түсті.
Халықаралық қарттар күні – аға буын өкілдеріне құрмет көрсетіп, олардың ел мен қоғамға сіңірген еңбегін бағалауға мүмкіндік беретін маңызды күн. Осындай тағылымды кездесулер ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтып, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге ықпал етеді.
Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі




