Қоғам 46 қаралымabaidan.kz

Келесі жылы ауылдардың 92 пайызы оптикалы желімен қамтылады

Келесі жылы ауылдардың 92 пайызы оптикалы желімен қамтылады

Соңғы 2 жылда мобильді интернеттің орташа жылдамдығы секундына 73,6 мегабиттен 93,4 мегабитке дейін өсті. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев айтты.

— Байланыс саласын дамыту — елімізді цифрландырудың негізгі шарттарының бірі. Мақсатымыз — цифрлық теңсіздікті жою. Қай жерде тұрса да, əр азамат цифрлық мүмкіндіктерді бірдей пайдалана алуы керек. Байланыс саласы тұрақты өсіп келеді. Биыл салаға кемінде 500 миллиард теңге инвестиция салынуы күтіледі. Сонда үш жылда салынған инвестицияның жалпы көлемі 1,3 триллион теңгеден асады. Соңғы 2 жылда мобильді интернеттің орташа жылдамдығы секундына 73,6 мегабиттен 93,4 мегабитке дейін өсті, — деді Жаслан Мәдиев.

Вице-премьер болжам бойынша биыл интернет-трафик көлемі 2024 жылмен салыстырғанда екі еседен астам өсетінін айтады.

— Қазақстанда 6060 ауыл бар. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында биыл жыл соңына қарай оптикалық желі тартылған ауылдардың жалпы саны 3 704-ке жетеді. Бұл — елдегі ауылдардың 61 пайызы. Келесі жылы оптикалық желі тағы 1 863 ауылға дейін жетеді. Сонда елдегі ауылдардың 92 пайызы оптикалы желімен қамтылады. Қалған 8 пайызы — желі тарту қиын шалғай ауылдар — спутниктік интернетпен қамтылады. Жобаның іске асу барысы ерекше бақылауда тұр. «Қазақтелеком» жұмысты жеделдетіп, жоспарланған шараларды белгіленген мерзімде аяқтауы тиіс, — деді ол.

Айта кетейік, 2027 жылы Air Astana-ның 20 ұшағында OneWeb спутниктік интернеті іске қосылады.



https://kaz.inform.kz/news/keles-zhili-auildardin-92-payizi-optikali-zhelmen-kamtiladi-d64e56ba/