Жасанды интеллектінің күнделікті өмір мен заңнамаға әсері: Абай облысында студенттермен ақпараттық кездесу өтті

Жасанды интеллектінің күнделікті өмір мен заңнамаға әсері: Абай облысында студенттермен ақпараттық кездесу өтті

Абай облысында Шәкәрім атындағы университетте «Digital Law: Заң мен жасанды интеллект диалогы» атты кездесу өтті. Іс-шара барысында облыс әкімдігінің өкілдері, IT саласының мамандары және құқық қорғау органдарының қызметкерлері жастарға жасанды интеллекттің бүгінде болашақтың емес, күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналғанын атап өтті. Сонымен қатар, бұл технологиялар мол мүмкіндікпен қатар жаңа қауіп-қатерлерді де тудыратыны айтылды.

Жасанды интеллект адамзат өміріне көпшілік әлі толық түсініп үлгермей жатып, аса жылдам қарқынмен еніп үлгерді. Ол бүгінде мәтін жазады, сурет салады, әлем чемпиондарын жеңеді, тіпті тергеу жұмыстарына да көмектеседі. Алайда, ол қылмыстық топтардың қолындағы қауіпті құралға айналуы мүмкін. Дәл осы мәселелер Шәкәрім университетінің студенттерімен өткен кездесуде кеңінен талқыланды.

Абай облысы Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Олжас Бейсенбаев жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың даму қарқыны өте жоғары екенін атап өтті.

– Қазіргі заманда, әсіресе жастар жақсы білетіндей, барлық салада өзгерістер өте жылдам жүруде. Бұл тек технологияға ғана емес, мамандықтарға, мемлекеттерге, тіпті климатқа да қатысты. Жасанды интеллект, технологиялар мен автоматтандыру – осы үдерістердің бір бөлігі. Бүгінде жасанды интеллект бүкіл әлем үшін қалыпты құбылысқа айналды. Оны электр энергиясынсыз өмірді елестету мүмкін емес болғаны сияқты, қазіргі заманды жасанды интеллектсіз елестету қиын. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында дәл осы бағытты дамытуды басымдық ретінде белгілеу қажеттігін атап өткен болатын, – деді Олжас Бейсенбаев.

Сондай-ақ, басқарма басшысы жасанды интеллекттің дамуы қазірдің өзінде адам мүмкіндіктерінен асып түсе бастағанын айтты.

– Мұны жасанды интеллект пен қытай шахматы ойынының бес дүркін әлем чемпионы арасындағы ойында айқын байқауға болады. Қалай ойлайсыздар, кім жеңді? Әрине, жасанды интеллект. Себебі ЖИ 10 жүрісті алдын ала есептей алады, ал адамға, тіпті кәсіби ойыншыға да мұндай мүмкіндік қолжетімсіз, – деп мысал келтірді Олжас Бейсенбаев.

Жасанды интеллекттің адам еңбегін жеңілдетіп, өндірістік үдерістерді жеделдетудегі пайдасымен қатар, белгілі бір қауіптері де бар. Бұл технологияға қылмыстық орта да қызығушылық танытып отыр. Өкінішке қарай, алаяқтар жасанды интеллект арқылы азаматтардың сеніміне кіріп, олардың мүлкіне оңай қол сұғуы мүмкін.

– Дипфейк – бұл жасанды интеллект көмегімен шынайы бейне немесе видео жасайтын технология. Мұндай видеоларда танымал тұлғалар өмірінде ешқашан айтпаған сөздерді айтып тұрғандай көрінеді, әрі оны жалған екенін анықтау өте қиын. Дипфейктердің қаупі – алаяқтық, жалған ақпарат тарату, манипуляция, жеке өмірге қол сұғу және қаржылық шығындарға әкелуі мүмкін. 2019 жылдан бері дипфейктердің саны 550 пайызға артты. Бұл – өкінішке қарай, жаңа шындық. Ал 2021 жылы дипфейктер салдарынан келген қаржылық шығын 200 миллион доллардан асты. Мұндай қауіптен сақтану үшін, әсіресе алаяқтар сіздің әлеуметтік желілеріңіздегі ақпаратты пайдаланып, жақындарыңызға ықпал етуі мүмкін екенін ескеру қажет. Бұл алдау әрекеттерінің алдын алуға көмектеседі, – деп кеңес берді Абай облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Сәкен Қондубаев.

«Abay IT-Valley» техниқалық директоры Бауыржан Наурызбаев жастарға жасанды интеллекттің даму тарихына қысқаша шолу жасады.

– Қазіргі таңда жасанды интеллекттің түрлері өте көп: күнделікті тапсырмаларға арналған қарапайым чат-боттардан бастап, ғылыми қызметте көмек көрсететін арнайы жүйелерге дейін бар. Бүгінде ЖИ Google мен Яндекс сияқты танымал іздеу жүйелерінде де сұраныстарға жауап береді. Жасанды интеллекттің дамуы – бұл нағыз ғылыми-техникалық революция. Біз осы нарықтық ортада бәсекеге қабілетті болуға дайын болуымыз керек. Сонымен қатар, ЖИ ақпаратты қайдан алады, оны қалай ұсынады және қалай қолданатынын түсіну маңызды. Қазіргі чат-боттар бәрін білетіндей көрінеді. Алайда сақтық қажет. Студенттер үшін ЖИ реферат дайындауға көмектесе алады, бірақ ол ұсынған ақпараттың қаншалықты дәл әрі сенімді екенін әрдайым тексеру керек, – деді Бауыржан Наурызбаев.

Кездесу соңында спикерлер ортақ пікірге келді: жасанды интеллект – бұл өздігінен әрекет ететін дербес жүйе емес, құрал ғана. Оның қоғамға әсері біз оны қаншалықты сауатты, этикалық әрі заң аясында қолдана алатынымызға тікелей байланысты.


#жастар, #жасанды интеллект