Ұлы ақын, данышпан ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы – ел руханиятының еңсесін көтерген айтулы оқиға болды. Абайдың туған топырағында, қазақтың қасиетті мекені – Абай өңірінде өткен дүбірлі той халқымыздың тарихына, мәдениетіне және ұлт мұратына деген құрметтің жарқын көрінісіне айналды.
Бұл мерекелік шараның аясында Тәуелсіздіктің алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан көтерілісіне қатысқан ардагерлер де бас қосты. «Нағыз Желтоқсан» қоғамдық қорының бастамасымен және Абай облысы әкімдігінің қолдауымен еліміздің түкпір-түкпірінен келген 30-ға жуық желтоқсандықтар Абай тойына арнайы шақырылып, ұлы тойдың құрметті қонағы болды.
Желтоқсаншылар үшін бұл тек мерейтойлық жиын ғана емес, рухани жаңғырудың, ұлттық бірліктің, тәуелсіздік жолындағы күрестің жалғасы іспетті. Олар Абайды – елдік пен ерліктің, рух пен намыстың символы ретінде бағалайды. «Тәуелсіздік пен Желтоқсан егіз ұғым. Ал Абай – сол егемен елдің рухани тірегі. Бүгінгі той – бабалар аманатын ұрпаққа табыстау жолындағы бір қадам», – деп атап өтті "нағыз Желтоқсан" қоғамдық қорының Президенті Құрманғазы Рахметов.
Шара барысында желтоқсандықтар Абай мұрасының тәлімдік мәніне тоқталып, бүгінгі ұрпаққа оның еңбектерін тереңінен оқып, ұлттық болмысты танып-білуге шақырды. Сонымен қатар, мерекелік бағдарламаларға қатысып, көпшілікпен кездесіп, өз естеліктерімен бөлісті. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ринат Зайыт желтоқсандықдықтарды ортақы тоймен құттықтап, құрмет көрсетті.
Абай мен Тәуелсіздік – қазақтың қос киесі. Бірі – рухани жаңғырудың темірқазығы болса, екіншісі – ұлттың арман-мұратының орындалған көрінісі. Абайдың әрбір сөзі – еркін ойдың, азат сана мен ұлттық бірегейліктің жаршысы. Ал Желтоқсан – сол еркіндіктің жолындағы күрестің шынайы шежіресі.
Сондықтан да, бұл басқосу – өткенге тағзым, бүгінге тағылым, болашаққа бағдар болды. Абайдың рухани мұрасы мен Желтоқсанның ерлік жолы бір арнада тоғысып, елдік пен еркіндікке құрметтің символына айналды.