Жаңа Конституция – Қазақстанның тұрақты дамуының құқықтық кепілі
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының мәтіні жарияланды. Егемендіктің алғашқы жылдарында қабылданған Конституция мемлекетіміздің іргетасын қалауға қызмет етсе, бүгін ұсынылып отырған жаңа Ата Заң елдің жаһандану мен цифрлану дәуіріндегі тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар, ол азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, олардың әлеуметтік және азаматтық жауапкершілігін арттыруға да маңызды құрал,-дейді Alikhan Bokiekhan University проректоры Айрат Базенов. Оның айтуынша, жаңа Конституция билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік пен тежемелік қағидаттарына негізделген басқару моделін қалыптастырып, адамның еркін дамуына жағдай жасайтын, қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтатын құқықтық негіз болуға тиіс.
Бұл құжат тек құқықтық құрал ғана емес, сонымен қатар мемлекет пен қоғам арасындағы өзара жауапкершілікке негізделген қоғамдық шарт болып табылады. Сондықтан әрбір азамат бұл үдерістен шет қалмай, өз пікірін білдіруі – демократиялық қоғамның маңызды белгісі.Жаңа Конституция тек мемлекеттік билік институттарының құрылымын реттеп қана қоймай, сонымен қатар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын толыққанды қамтамасыз ететін, қоғам мен мемлекеттің өзара сеніміне негізделген құжат болып отыр. Бұл – еліміздің демократиялық дамуы мен құқықтық мемлекет ретіндегі мәртебесін нығайтудың маңызды кезеңі»,-дейді Айрат Базенов.
Оның айтуынша, 2019 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан саяси және экономикалық реформалар суперпрезиденттік басқару үлгісінен әділеттілік пен демократиялық қағидаттарға сүйенген билік жүйесіне кезең-кезеңімен өтуге бағытталған. Бұл өзгерістер тек ішкі қоғамдық сұраныстан туындап отырған жоқ. Қазақстан жаһандық өркениеттің бір бөлігі ретінде, әлемдік даму логикасына сай келетін заманауи саяси жүйе қалыптастыруы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституция еліміздің ұзақ мерзімді дамуына берік құқықтық негіз болатынына сенім мол. Бұл – Қазақстанның заманауи, ашық, әділетті және демократиялық мемлекет ретінде қалыптасуына қосылған айқын қадам.
#Конституция, #Ұлттық Құрылтай, #Конституциялық реформа