Армия – қауіпсіздік кепілі әрі азамат қалыптастыратын тәрбие мектебі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген сұхбаты еліміздегі армия мен әскери білім беру саласындағы өзекті мәселелерді қайта күн тәртібіне шығарды. Мемлекет басшысы Қарулы Күштердің басты құндылығы – адам өмірі екенін атап өтіп, бейбіт уақытта сарбаздардың қаза табуы немесе жарақат алуы мүлде жол берілмейтін жағдай екенін қадап айтты,-дейді Абай облыстық қорғаныс істері департаментінің бастығы Руслан Омаров. Бұл туралы abaidan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Бұл ұстаным армиядағы тәртіпті күшейтуге, жауапкершілік пен талапты арттыруға бағытталған нақты әрі маңызды сигнал болды. Президент әлімжеттік, жершілдік, рушылдық секілді теріс құбылыстарға түбегейлі тосқауыл қою қажеттігін ашық айтты. Мұндай әрекеттер армияның беделіне ғана емес, тұтас қоғамның бірлігіне де нұқсан келтіретіні белгілі.
Сұхбатта әскери қызметтің абыройын арттыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысы әскери білім беру жүйесін дамытудың, жасөспірімдерге ерте жастан тәртіп, жауапкершілік пен отансүйгіштік қасиеттерді сіңірудің маңызын атап өтті. Бұл – армияны тек міндет өтейтін орын емес, азаматтық және кәсіби тұрғыда қалыптасатын өмір мектебі ретінде дамытуға бағытталған көзқарас.
Сонымен қатар, Президент қоғамдағы ақпараттық кеңістікте орын алып жатқан асыра сілтеулерге де тоқталды. Әрине, сын болуы заңды, алайда ол шындыққа негізделуі тиіс. Армияны біржақты жағымсыз тұрғыда көрсету жастардың әскери қызметке деген сенімін әлсіретіп, оның қоғамдағы беделіне кері әсер етеді. Ал шын мәнінде, әскери қызмет көптеген жастарға сапалы білім алуға, мамандық игеруге, әлеуметтік қолдау мен өмірлік тәжірибе жинауға мүмкіндік беріп отыр.
Абай облыстық қорғаныс істері департаментінің бастығы, полковник Руслан Омаров Президенттің бұл ұстанымын қолдай отырып, армияны қорқыныш тудыратын орта емес, тәрбие мен кәсіби дамудың маңызды мектебіне айналдыру – қоғам күткен әрі уақыт талабына сай шешім екенін атап өтті.
Қорытындылай келе, Мемлекет басшысының бұл сұхбаты армия мәселесіне жан-жақты, байыпты және жүйелі көзқарас қалыптасқанын көрсетеді. Ендігі басты міндет – айтылған талаптар мен тапсырмалардың нақты іске асуы, сондай-ақ қоғам тарапынан әділ әрі тұрақты бақылаудың қамтамасыз етілуі. Тек осы жағдайда ғана армия ел қауіпсіздігінің сенімді тірегі әрі жас ұрпақты тәрбиелейтін нағыз азаматтық мектеп бола алады.
#ҚР Президенті, #әскери қызметкер