Қазақстан мен Әзербайжан президенттері телефон арқылы сөйлесті

Қазақстан мен Әзербайжан президенттері телефон арқылы сөйлесті

Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевті Әзербайжан Республикасының Президенті лауазымына кезектен тыс өткен сайлаудағы айқын жеңісімен құттықтады,-деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы сайлаудағы дауыс беру қорытындысы Ильхам Әлиевтің Әзербайжанды одан әрі нығайтуға, елдің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын қамтамасыз етуге және мемлекеттің халықаралық аренадағы беделін арттыруға бағытталған стратегиялық бағдары мен ауқымды реформалары бүкілхалықтық қолдауға ие болғанын анық көрсеткенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевтің әзербайжан халқының игілігі мен дамуы үшін қолға алған барлық жоспарының табысты орындалуына тілектестік білдірді.
Өз кезегінде Әзербайжан Президенті құттықтағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, бауырлас Қазақстанмен арадағы ғасырлар бойы қалыптасқан достық, стратегиялық серіктестік және одақтастық рухындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдете беруге ниетті екенін растады.


#ҚР Президенті