Семейде өткен «Адамзаттың Абайы» республикалық ақындар айтысының бас жүлдесін Мақсат Ақанов иеленді

Семейде өткен «Адамзаттың Абайы» республикалық ақындар айтысының бас жүлдесін Мақсат Ақанов иеленді

Абайдың 180 жылдығына арналған онкүндік аясында Семей қаласындағы Абай атындағы театрда өткен «Адамзаттың Абайы» республикалық ақындар айтысы мәреге жетті. Өнер додасында еліміздің әр өңірінен келген он екі айтыскер бақ сынады. Олардың қатарында «Айтыстың ақтаңгері» Айбек Қалиев, Мақсат Ақанов, Мұхтар Ниязов, Рүстем Қайыртайұлы, Жансая Мусина, Аспанбек Шұғатаев, Мейірбек Сұлтанхан сынды 6 «Алтын домбыра» иегері, сондай-ақ Әсем Ережеқызы, Шұғайып Сезімхан, «Асыл домбыра» иегері Айбек Жеңісқазин, Серік Қуанған, Қуандық Кенжебекұлы, Өміржан Көпбосынов болды. Айтысты белгілі айтыскер ақын, Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтаев жүргізді.

Айтыстың марапаттау салтанатына облыс әкімі Берік Уәли қатысты. Аймақ басшысы осындай айтыс жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп тұратынын айтты.

«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» жырлаған гуманист ақын Абайдың мерейтойына арналған «Адамзаттың Абайы» республикалық ақындар айтысы өте жоғары деңгейде өтті деп есептейміз. Ақынның мұрасын насихаттауға арналған айтыс Семейдің төрінде өтуі керек. Келесі жылдан бастап ұйымдастырып тұрамыз. Республикалық айтыстың күнтізбелік тізіміне енгізуді  сұраймыз» деді облыс әкімі.

Айтыс қорытындысы бойынша үшінші орынды Әсем Ережеқызы мен Жансая Мусина (1 млн теңге), екінші орынды Айбек Қалиев пен Мейірбек Сұлтанхан (1 жарым млн теңге) иеленді. Бірінші орын алған Рүстем Қайыртайұлына 3 млн теңге берілді. Ал бас жүлдеге тігілген автокөлікті қарағандылық Мақсат Ақанов жеңіп алды. Айтысқа қатысқан басқа да ақындарға 500 мың теңгеден берілді. Ақын Қуандық Кенжебекұлы Сиязбек Сүлейменов әулетінің арнайы жүлдесіне (200 мың теңге) ие болды.  Облыс әкімінің арнайы жүлдесі (500 мың теңге) Мұхтар Ниязовқа табысталды.

Аймақ басшысы Абай тойына орай ұйымдастырылған республикалық айтысқа төрелік еткен қазылар алқасының төрағасы Жүрсін Ерманға, қазылар алқасының мүшелері Сауытбек Абдрахманов пен Төлеген Жанғалиевқа, айтысты жүргізген Аманжол Әлтайға құрмет көрсетіп, арнайы тапсырыспен жасалған Абай шапаны мен тақиясын және мерейтойлық кілемшені тарту етті.


#Айтыс, #Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл , #ақын