Абай ауданында «Абай елі» стелласы ашылды
Абайдың 180 жылдық мерейтойы аясында Абай ауданының Қарауыл ауылы маңындағы Қарауылтөбеде «Абай елі» стелласы пайдалануға берілді. Ескерткіштің ашылуына облыс әкімі Берік Уәли, ауданның ақсақалдары қатысты.

Мерейтой аясында ескерткішке апарар баспалдақ салынып, абаттандырылды.
Ескерткіш төрт тұғырлы. Бірінші тұғыры: қауырсын қалам немесе «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы». Екінші тұғыры: Қалқан – кешегі ел қорғаған батырлар мен бүгінгі ерлеріміздің ерлік айбары. Үшінші тұғыры: Домбыра – Абайдың жаны мен әнінің өзегі. Төртінші тұғыры: ұлыларды тудырған ақбесік. Ескерткіштің ең басы, шарықтау шегі – ғаламшар мен оны айнала қалықтаған тыныштық пен тұрақтылықтың символы – қарлығаш құс.
Ауданның кәсіпкерлерінің демеушілігімен бой көтерген ескерткіштің авторы – мүсінші Нұрбол Қалиев.
«Ел-жұрттың береке-бірлігінің арқасында республикалық деңгейдегі тойды ойдағыдай өткіздік деп ойлаймын.
Басқа облыстан делегациялар келіп, қолдау көрсетті. Бір-бір нысаннан салып бермек.
Мұның бәрі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей қолдауы. Абай елі –ақындар елі, батырлар елі. Бүгін үлкен мерейтой аясында Қарауыл ауылында мән-мағынасы өте терең ашылды», – деді аймақ басшысы.

Бұл нысан аудан қонақтары үшін ауылдың көркем келбетін биіктен тамашалауға мүмкіндік беретін ерекше көрікті орынға айналмақ.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ
#Абай облысының әкімі, #Абай ауданы, #Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл