Жомарт кенішіндегі апат: оқиға орнында үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр

Жомарт кенішіндегі апат: оқиға орнында үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр

 Премьер-Министр Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша Ұлытау облысындағы төтенше жағдай орнында вице-премьер Қанат Бозымбаевтың басшылығымен үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Комиссия құрамында Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков, ТЖ министрі Шыңғыс Әрінов, ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов, денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев, өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан, ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының міндетін атқарушы Рашид Дубаев бар.

Оқиға орнында ТЖ қызметі, ІІМ және Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің шұғыл тергеу тобы, сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.

— Комиссия мүшелері оқиға орнында болып, тергеу барысымен танысты. Қаза тапқандардың отбасыларына бірінші кезекте көмек көрсету жөнінде тапсырма берілді. Әрі қарай Премьер-министрдің орынбасары Штаб отырысын өткізіп, қаза тапқандардың туыстарымен кездеседі, — делінген хабарламада.

Осыған дейін Ұлытау облысындағы шахтада апат болып, 7 адам төтенше жағдайда қалғаны туралы жаздық. Ресми дерекке қарағанда, шахтада тау массасы құлаған.

«Қазақмыс» корпорациясының хабарлауынша, алдын ала мәліметке сәйкес корпорация кеніштеріне тән емес табиғи газдың жарылысы болған.

«Жомарт» кенішінде көз жұмған жеті жұмысшының да денесі табылды. Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жұмысшылардың денесі жоғарыға көтеріліп, сот-медициналық сараптама жүргізу үшін полиция қызметкерлеріне тапсырылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақмыс» корпорациясының Ұлытау облысындағы кенішінде тау массасының құлауы салдарынан қаза болған жұмысшылардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады.


#Оқыс оқиға, #шахта