Қазақстанда Вице-президент пен Құрылтайға қатысты заң қабылданды

Қазақстанда Вице-президент пен Құрылтайға қатысты заң қабылданды

Мемлекет басшысы жаңа конституциялық заңдарға қол қойды. Құжаттарға сәйкес, Қазақстанда Вице-президент институты құрылып, заң шығарушы жоғары орган ретінде Құрылтайдың мәртебесі мен өкілеттіктері айқындалды. Бұл туралы abaidan.kz ақпараттық агенттігі  Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Мемлекет басшысы 2026 жылғы 15 наурызда қабылданған Конституцияның ережелерін іске асыру мақсатында бірқатар конституциялық заңдарға қол қойды.

Президент қол қойған құжаттардың бірі "Қазақстан Республикасының Президенті туралы" конституциялық заң. Құжатта Президенттің құқықтық мәртебесі, өкілеттіктері мен қызметінің негізгі қағидалары белгіленген.

Заңдағы басты жаңалықтардың бірі елімізде Вице-президент институтының құрылуы. Жаңа лауазым иесі Президенттің тапсырмасы бойынша мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл барысында оның мүдделерін білдіріп, Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді орындайды.

Сонымен қатар Президент "Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы" конституциялық заңға да қол қойды.

Құжатқа сәйкес, Құрылтай заң шығарушы билікті жүзеге асыратын ең жоғары өкілді орган болып айқындалды. Құрылтай партиялық тізім бойынша сайланатын 145 депутаттан құралады. Депутаттардың өкілеттік мерзімі бес жылды құрайды.

Құрылтай жұмысын мемлекеттік тілді жетік меңгерген депутаттар арасынан жасырын дауыс беру арқылы сайланатын Төраға басқарады.

Заңда Құрылтайдың кең ауқымды өкілеттіктері белгіленген. Атап айтқанда, орган вице-президентті, премьер-министрді, конституциялық сот судьяларын, орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палата мүшелерін тағайындауға келісім береді. Сондай-ақ Президенттің ұсынуы бойынша Жоғарғы сот судьяларын сайлап, қызметтен босата алады.

Бұдан бөлек, Құрылтай Конституциялық сот пен Жоғарғы сот судьяларын қолсұғылмаушылық құқығынан айыру мәселелерін қарайды, Президент сайлауын тағайындайды, Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның республикалық бюджеттің орындалуы жөніндегі есептерін бекітеді.

Жаңа заңдар Конституцияда көзделген мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге және билік тармақтарының өзара іс-қимылын нығайтуға бағытталған.

Мемлекет басшысы Конституцияның жаңа нормаларын іске асыру мақсатында тағы бірнеше конституциялық заңға қол қойды.

Солардың бірі – "Қазақстан Халық Кеңесі туралы" конституциялық заң. Құжатқа сәйкес, Қазақстан Халық Кеңесі жоғары консультативтік орган болады. Оның негізгі міндеті – халық пен билік арасындағы диалогты нығайту және азаматтардың елдің ішкі саясатына қатысуына мүмкіндік жасау.

Кеңес құрамына этномәдени және қоғамдық бірлестіктердің, сондай-ақ өңірлік мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің өкілдері енеді. Барлығы 42 мүшені президент бекітеді. Кеңесті төрт жыл мерзімге сайланатын төраға басқарады.

Заңға сәйкес Халық кеңесі заңнамалық бастама көтеруге және жалпыхалықтық референдум өткізуді ұсынуға құқылы. Сонымен қатар Президент "Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы" конституциялық заңға қол қойды. Құжатта астананы басқарудың құқықтық және ұйымдастырушылық негіздері белгіленген.

Заңда мәслихаттың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының және қала әкімдігінің өкілеттіктері нақтыланған. Сондай-ақ қаланың бірыңғай сәулеттік келбеті мен дизайн кодына қойылатын талаптар бекітілді. Бұдан бөлек, инфрақұрылымды дамыту мен қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдардың міндеттері айқындалды. Президент қол қойған тағы бір құжат "Әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы" конституциялық заң. Онда әкімшілік-аумақтық бірліктерді құру, тарату, олардың шекарасын белгілеу немесе өзгерту тәртібі көрсетілген.

Сондай-ақ заң елді мекендер мен әкімшілік бірліктерге атау беру және олардың атауын өзгерту рәсімдерін реттейді. Құжаттың мақсаты – ел аумағын тиімді ұйымдастыру арқылы мемлекеттік басқару жүйесінің жұмысын жетілдіру.

Жаңа нормаға сәйкес, Вице-президент Президенттің тапсырмасы бойынша мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасап, Мемлекет басшысы қызметінен мерзімінен бұрын кеткен жағдайда оның өкілеттіктерін қабылдайды.


#Заң, #ҚР Президенті, #Конституция, #саясат