ҚР Президенті өзге халықаралық ұйымдармен әріптестікті нығайтуға шақырды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысында ЕАЭО-ның өзге халықаралық ұйымдармен әріптестігін нығайтуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Одақ құрудағы негізгі мақсаттардың бірі – үшінші елдерден барынша күшті, үйлесімді бірлескен ұстаным негізінде тиімді сауда шарттарын алу.
Интеграцияланған ұйымдармен, елдермен жүйелі диалогты жалғастыру маңызды. Олармен әріптестік орнату біз үшін экономикалық мүдденің мәселесі», - деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, ол одақтың үшінші елдермен әріптестік орнату шараларын тездетуді ұсынды.
«Комиссияның Біріккен Араб Әмірліктерімен, Үндістанмен, Мысырмен, Индонезиямен, Изралильмен еркін сауда аймағы туралы келісім бекіту бағытындағы жұмыстарды жедел аяқтағаны абзал.
ШЫҰ, ASEAN, МЕРКОСУР және өзге де халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылды сапалы түрде күшейту керек. Мұндай әріптестікке қызығушылық ол жақтан да бар деп ойлаймын», - деді Қасым-Жомар Тоқаев.