Абай облысының әкімі Берік Уәли Үндістан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сайлас Тангалмен кездесті. Тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық, білім және ғылым салаларындағы өзара байланысты кеңейту мәселелерін талқылады.
Кездесуге Семей медицина университетінің басқарма төрағасы – ректор Алтай Дүсіпов қатысты.

Жүздесу барысында Абай облысы мен Үндістан арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен оны одан әрі дамыту перспективалары сөз болды. Әсіресе білім беру саласындағы өзара байланысқа ерекше назар аударылды.
Бүгінде Семей медицина университетінде Үндістаннан келген 490 студент бакалавриатта, 40 студент интернатурада білім алып жатыр. Ал соңғы үш жылда Үндістанның 492 азаматы аталған оқу орнын тәмамдаған.
Үндістан Елшісі Сайлас Тангал Абай облысында жылы қабылдағаны үшін аймақ басшылығына алғысын білдіріп, Семей медицина университетінде үндістандық студенттерге жасалған жағдайды жоғары бағалады.
«Екі ел арасындағы қарым-қатынастың маңызды бағыттарының бірі – білім саласындағы байланыс. Семей медицина университетінде көптеген үндістандық студенттердің білім алып жатқаны біз үшін үлкен мақтаныш. Бұл – өңірдегі ғана емес, Қазақстандағы беделді жоғары оқу орындарының бірі. Облыс басшылығына, университет ректоры мен ұжымына үндістандық студенттерге көрсетіп отырған қамқорлығы үшін ерекше алғыс айтамын», – деді Сайлас Тангал.
Елші студенттердің қауіпсіз әрі қолайлы ортада білім алып, өмір сүруіне қажетті жағдай жасалғанын атап өтті. Оның айтуынша, Үндістан жастары екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға өз үлесін қосып келеді.
Сонымен қатар Сайлас Тангал алдағы уақытта құрылыс, өндіріс, кен орындарын игеру, IT, жасанды интеллект, ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі бағыттарында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық бар екенін жеткізді. Үндістан тарапы аталған салаларға инвесторлар тартуға дайын екенін мәлімдеді.

Берік Уәли Қазақстан мен Үндістан арасындағы стратегиялық әріптестіктің жыл сайын нығайып келе жатқанын атап өтті. Аймақ басшысы Абай облысының экономикалық және инвестициялық әлеуетіне тоқталып, шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай жасалғанын айтты.
«Мемлекет басшыларымыздың өзара сенімге негізделген диалогы арқасында екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік жылдан-жылға нығайып, жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Біздің облысымызға арнайы келгеніңіз үшін алғыс білдіремін», – деді облыс әкімі.
Берік Уәли білім саласындағы ынтымақтастықтың өңір үшін маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, Семей медицина университеті шетелдік студенттерге ағылшын тілінде білім беруді 1998 жылы Орта Азияда алғашқылардың бірі болып қолға алған. Кейін бұл тәжірибені Қазақстанның өзге де жоғары оқу орындары қолдана бастаған.

Аймақ басшысы үндістандық студенттердің Семей қаласының қоғамдық өміріне белсенді араласатынын да атап өтті.
«Үндістан азаматтарының еліміздегі медициналық білімнің сапасын жоғары бағалайтыны бізді қуантады. Үндістандық студенттер қаладағы қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысады. Біз Үндістан елімен барлық салада байланыс орнатуға дайынбыз. Үндістандық компаниялардың Абай облысына келіп, жұмыс істеуіне мүдделіміз», – деді Берік Уәли.
Кездесу қорытындысында тараптар білім беру саласындағы қалыптасқан байланысты сақтап қана қоймай, оны инвестиция, өндіріс, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және басқа да перспективалы бағыттармен толықтыруға мүдделі екенін білдірді.
Абай облысының әкімдігі нақты жобалары мен ұсыныстары бар үндістандық инвесторларға Үкімет және тиісті министрліктермен бірлесіп қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Осылайша, Абай облысы мен Үндістан арасындағы қарым-қатынас білім беру саласындағы дәстүрлі ынтымақтастықтан бөлек, экономиканың жаңа бағыттарын қамтитын өзара тиімді серіктестікке ұласуы мүмкін.




