Референдум: 10,3 мың дауыс беру учаскесі құрылады
Референдум учаскелерінің жалпы саны 10 327-ні құрады. Бұл туралы елордада 6 қазандаға республикалық референдумды өткізу мәселесіне арналған отырыста ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров айтты,-деп хабарлайды abaidan.kz агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Оның айтуынша, референдумға дайындық бойынша жұмысқа 35 күн уақыт бөлінеді. Бұл тұрғыда сайлаушылар тізімін түгендеу басталған және алдағы уақытта тұрғындар дауыс беретін учаскелер бойынша ақпарат беріледі. 12 қыркүйекке дейін азаматтар референдум комиссиялары орналасатын орындардан хабардар болады.
Сонымен қатар ол дауыс беру 6 қазанда таңғы 7:00-ден бастап кешкі 20:00-ге дейін жалғасатынын айтты. Референдум қорытындысы 7 күн ішінде жарияланады.
«Референдум учаскелерінің жалпы саны 10 327-ні құрады. Оның ішінде 78-і Қазақстан аумағынан тыс жерде, яғни әлемнің 63 елінде», - деді К. Петров.
Оның сөзіне қарағанда, 1 шілдедегі жағдай бойынша ел көлемінде 12 176 968 адам референдумға қатысу мүмкіндігіне ие.
Өз кезегінде ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров референдумға қатысты тиісті қаулылар қабылданғанын айтты.
Бұл тұрғыда, жергілікті атқарушы органдар республикалық референдумға қатысуға құқығы бар адамдардың тізімін қалыптастыруды қамтамасыз етуі тиіс.
«Жергілікті атқарушы органдар дауыс берудің басталуына 20 күн қалғанда, яғни 15 қыркүйекте әрбір учаске бойынша республикалық референдумға қатысуға құқы бар адамдардың тізімдерін белгіленген тәртіппен тиісті комиссияларға акт бойынша ұсынуды қамтамасыз етуі керек», - деді ОСК төрағасы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «2024 жылғы 6 қазанда республикалық референдум өткiзу туралы» Жарлыққа қол қойды.