Берік Уәли бастамасы: Абай елінде өткен «Seitkhan cup» рух пен бірліктің мерекесіне айналды
Берік Уәли бастамашы болған Амангелді Сейітханды еске алуға арналған «Seitkhan cup» республикалық турнирі биыл ерекше рухпен өтті. Қазақ спорты мен журналистикасының қабырғалы тұлғасын ұлықтаған дәстүрлі дода алғаш рет Абай елінде, Алаштың рухани астанасы саналатын Семей шаһарында ұйымдастырылып, елдің әр өңірінен келген БАҚ өкілдерінің басын қосты.

Қасиетті қаладағы «Спартак» стадионында өткен турнирге еліміздің 6 облысы мен 4 қаласынан 12 команда қатысып, тартысты ойын өрнегін көрсетті. Астана, Алматы, Шымкент, Семей қалалары мен Абай, Атырау, Қызылорда, Жамбыл, Жетісу облыстарынан келген журналистер алаңда тек шеберліктерін ғана емес, кәсіби ынтымақ пен достықтың үлгісін паш етті. Биылғы турнирдің тағылымды сипатын арттырған басты жайттың бірі – жарыстың Амангелді Сейітханның туған топырағында өтуі болды. Облыс әкімі Берік Уәли бұл бастаманың мәні терең екенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Семей – қазақ футболының алтын бесігі. Кезінде осы қалада құрылған «Ярыш» командасында қазақ руханиятының заңғар тұлғасы Мұхтар Әуезов доп тепкені – тарихи шындық. Ал Абай өңірі – Амангелді Сейітхандай спорт журналистикасының саңлағын дүниеге әкелген қасиетті мекен.

Берік Уәлидің бұл турнирге қатысы тек ұйымдастырумен шектелмейді. Ол 2022 жылы «Хабар» агенттігін басқарған тұста осы жарыстың бастауында тұрған азаматтардың бірі болды. Содан бері «Seitkhan cup» дәстүрлі турнирге айналып, журналистер арасындағы ауызбіршілік пен рухани сабақтастықтың символына айналды. Биыл сол игі бастама туған жер төсінде жалғасын тауып отыр. Облыс әкімі өз сөзінде бұл жарыстың жай ғана спорттық дода емес екенін ерекше тебіреніспен жеткізді. Оның пайымынша, мұндай турнирлер ақпарат саласында еңбек етіп жүрген мамандардың арасын жақындастырып, кәсіби байланыстарды нығайтады. Сонымен қатар елдік рухты көтеріп, кейінгі буынға тағылым береді.

Берік Уәлидің көпшілікке жақын болмысы турнир барысында айқын сезілді. Ол тек құрметті қонақ ретінде сөз сөйлеп қана қоймай, журналистермен бірге жасыл алаңға шығып, доп тепті. Қарапайымдылық пен елгезектікті бойына сіңірген азамат ретінде ол алаңда да белсенділігімен ерекшеленді. Қай істе де көптің жанынан табылатын әкім бұл жолы да спорт арқылы жұртшылықпен етене жақын екенін көрсетті.

«Seitkhan cup» — ұлт спорты мен журналистикасының рухын тоғыстырған тағылымды жоба. Ал оны Абай елінде жоғары деңгейде өткізуге ұйтқы болған Берік Уәлидің бастамасы көпшілік тарапынан зор қолдауға ие болды. Бұл турнир Амангелді Сейітхан есімін ұлықтап қана қоймай, ел ішіндегі бірлік пен рухани байланысты бекемдей түскен маңызды шара ретінде есте қалды.
#Семей, #Абай облысы, #футбол, #Берік Уәли