Спорт күніне орай бокстан Семей қаласы әкімінің жүлдесіне арналған 2011–2012 жылдары туған жасөспірімдер арасында ашық турнир өтуде.

Турнирдің ашылу салтанатына Семей қаласының әкімі Әділет Нұрсағатұлы қатысып, жас спортшыларға сәттілік тіледі. Жарыс 2011–2012 жылдары туған жасөспірімдер арасында 46, 48, 50, 52, 54, 60 және 70 келі салмақ дәрежелері бойынша өтуде.

«Бүгінгі жарыс – жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, тәжірибе жинақтауына, өзара достық пен спорттық байланысты нығайтуға мүмкіндік беретін маңызды дода. Турнирге Алматы қаласынан, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарынан боксшылар қатысуда.
Бокс – қайсарлықты, табандылықты, тәртіп пен төзімділікті талап ететін спорт түрі. Осындай жарыстарда шыңдалған жас спортшылардың арасынан болашақта ел намысын халықаралық ареналарда абыроймен қорғайтын чемпиондар шығарына сенім мол», – деді Әділет Нұрсағатұлы.


Абай облысының әкімі Берік Уәлидің қолдауымен бұқаралық спортты дамытуға және тұрғындарға қолайлы спорттық инфрақұрылым қалыптастыруға ерекше көңіл бөлініп келеді. Бүгінде Водный және Бобровка кенттерінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері ашылып, тұрғындардың игілігіне берілді. Сонымен қатар Ұшақтар және Мирный кенттерінде жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы жүргізілуде.


Бұдан бөлек, «Абайға құрмет» акциясы аясында қаланың сол жағалауында Ақтөбе облысының Абай еліне тартуы – «Жекпе-жек» сарайының құрылысы басталды.
Ашық турнир жас боксшылардың тәжірибесін арттырып қана қоймай, салауатты өмір салтын насихаттауға, жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.





