Аягөз ауданына жаңа әкім тағайындалды

Аягөз ауданына жаңа әкім тағайындалды

Бүгін Аягөз аудандық мәслихат сессиясында Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев аудан әкімі лауазымына жаңа кандидатураны ұсынды. Мәслихат депутаттары Қанат Серікқанұлы Әділбайды Аягөз ауданы әкімі қызметіне тағайындауға келісім берді. Бұл туралы abaidan.kz тілшісі Абай облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қанат Әділбай – 1972 жылы 14 желтоқсанда, Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Аягөз қаласында дүниеге келген. Қанат Серікқанұлы инженер-экономист мамандығы бойынша экономика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіне ие.

«Еңбек жолын 1996 жылы Семей қаласы бойынша Салық инспекциясының заң тұлғалардың салық салу бөлімінің бірінші категориялы маманы болып бастады. Ұзақ жылдар бойы Семей қаласының Салық комитетінің төрағасы болып жұмыс істеп, кейін Қаржы министрлігінің жүйесінде еңбек етті. Қанат Әділбай жақсы іскерлік, ұйымдастырушылық қасиеттерге, жауапкершілікке, өзіне және қарамағындағыларға талапшылдыққа ие, алдына қойылған міндеттерді сауатты шешеді», - деді Абай облысының әкімі.

Бұдан бөлек, Қанат Әділбай 2019-2021 жылдар аралығында Семей қаласы әкімінің бюджетті қалыптастыру және атқару, несие және кеден саясаты, банк мекемесі, жер қатынастары, ауыл шаруашылығы, ветеринария, өнеркәсіп, кәсіпкерлік, байланыс, туризм және сауда, еңбек инспекциясы мен қоршаған ортаны қорғау салалары жөніндегі орынбасары қызметін атқарған. «АКМ Стройсервис» ЖШС директоры болған.

Қанат Әділбай қызметке тағайындалғанға дейін Абай облысы мәслихатының экономикалық және қаржылық, кәсіпкерлік қызметті дамыту саласындағы тұрақты комиссиясының төрағасы болды.

 


#Абай облысы, #тағайындау, #Аягөз