Мұзтау шыңына шыққыңыз келсе: Катонқарағайдың көз тоймас жерлеріне қалай жетуге болады
Мұзтау шыңы – еліміздің киелі жерлерінің қатарынан орын алған. Мұнда уақыт бір сәтке тоқтап қалады деседі. Себебі бұл аспанмен астасқан өр Алтайдың ең биік нүктесі. Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданындағы маңғаз жатқан Мұзтау мен Көккөл сарқырамасына қалай жетуге болатыны қызықтырса осы мақаламызды оқыңыз.
Мұзтауға бармас бұрын алдын ала әзірленген жөн. Олай болмағанда шаршап-шалдығып, жеткенше діңкелеп қаласыз. Егер джип пен уазик сынды темір тұлпарыңыз болса, тіптен жақсы. Көлігіңіз болмаса таксимен жетуге болады.
Өскеменнен шықсаңыз 450 шақырымды бағындыруға тура келеді. Оның өзінде бұл тек асфальтты жол бөлігі ғана. Әрі қарай 37 шақырым жолды салт атпен немесе жаяу жүру қажет. Екіншіден, шекаралық аудан мен Катонқарағай Ұлттық саябағында жүру үшін арнайы рұқсат қағазын алу керек. Үшіншіден, туристік сапарға жарайтын заттарыңызды тас-түйін дайындап алыңыз: ас-су, құрал-жабдық және өзге де заттар.
Сапарға шығу барысында саяхатшылардың бірден әралуан орындарды тамашалауға мүмкіндігі бар. Иә, Шығыстың дәл осы тұсына жеткенде қаладағы қарбалас пен қалтафонның тынымсыз шырылын бір сәт ұмытасыз. Айталық, асқар шыңы мұнартып тұрған Мұзтау мен ғибадат тасы (тағы бір атауы Рерих тасы). Аталған орындардың бүгіп жатқан әлдеқандай сыры мен құпиясы бар, аумағы аңызға толы. Ал биіктігі 4500 метрден асатын таудың киесі өз алдына. Саяхатшылардың «Ғибадат тасы мен Мұзтаудың маңайына аяқ бассаң әлдеқандай құдіретті күш өне-бойыңды билей жөнеледі» дейтіні бар.
Бұдан бөлек, Шығыс Қазақстандағы ең биік сарқырама Көккөлдің көркіне көз тастауға болады. Егер баруды мақсат еткен өлкеге барғым келеді, алайда жету жолы қиын дегендей екіұшты ойда болсаңыз, мамандандырылған фирмаларға жүгінуіңізге болады. Катонқарағай ауданына тур ұйымдастыратын бірнеше туристік компания қызмет көрсетуге әзір.
Мұзтау - Алтай тауларының ең биік шыңы. Сонымен қатар бұл тау - «Алтайдың алтын таулары» бүкіл әлемдік мұрасының бір бөлігі. Мұзтауға апаратын ең қысқа жол Түнгір ауылынан бастап, Катунь өзенінің оң жақ сағасымен, одан кейін Аккем өзенімен жоғары (немесе Көшірлі ауылы арқылы 1513 метрлік жалғызаяқ жолмен, Аккем өзеніне дейін). Аккем өзенінен Төменгі Аккем өзеніне дейін шамамен 30 шақырым.
Мұзтау тауы екі биіктіктен тұрады: Шығыс Мұзтау (4506 м.) және Батыс Мұзтау (4435 м.). Солтүстікке - Аккем мұздығына қарай күрт аяқталады және оңтүстікке - Катунь мұздығына біртіндеп төмендейді. Қойнауы аңыз бен тарихқа толы Мұзтау киелі орындардың бірі.
Мұзтаудың бірнеше атауы бар. Алтайдың байырғы тұрғындары оны Уч-Сумер (Үш Сүмер) деп таниды. «Үш» сөзі түсінікті болса, «Сүмер» деген моңғол тілінде, буддизмдегі «Меру» - «Киелі тау» деген мағынаны береді. Яғни «Үш Сүмер» - «Үш басты киелі тау» деген атаудан шыққан. Кезінде Алтайдың екі жағын қатар қоныстанған елдердің арасындағы маңызды сауда – экономикалық рөл атқарған Үкік жазығынан қарағанда Мұзтаудың әппақ тәж киген үш басы анық көрінеді.
Фото: visiteast.kz
Мұзтаудың екінші атауы «Қатын Бажы». «Қатын» сөзі ертедегі түркілер тілінде «Ханшайым, тегі асыл әйел» деген мағына берген. Ал «Бажы» кейіннен трансформацияға ұшыраған «Басы», яғни «Бас» немесе «Шың» сөздеріне келеді. «Қатын Бажы» сөзі қазіргі тілмен айтқанда «Әппақ тәж киген Ханшайым» мағынасына ие. Тағы бір тәржіме-түсініктеме бойынша Ежелгі Көк Тәңгірге табынған елдер арасында «Құдайлар тауы» деген де түсінікке ие болған-мыс.
Мұзтаудың етегінде Қатын өзенінің жағалауында «Патшалар алқабы» бар. Берелдің бел ортасында орналасқан. Терең мұздықтарға жерленген, тастармен басылып тасталған қорымдар бертінге дейін «белгісіз халықтар моласы» атанып келген. «Марал қорымы» деген атауы жергілікті халыққа етене таныс. Кейіннен ұлы түркі қағанатына тікелей қатысы бар, Қағандардың жерленетін орны екені белгілі болған бұл алқаппен де байланысты аңыз өте көп. Соның бірінде былай дейді: «Осы өңірді мекендеген ілімі мен байлығы басқалардан екі бас жоғары тайпа өмір сүріпті. Жаугершілік заманда ел басына күн туып, тайпа адамдары үңгірлер арқылы белгісіз жаққа кетуге мәжбүр болған. Аңыз бойынша басына балбал тас орнатылған тас қорымдар тайпаның жер астына кету жолдары екен».
Бір-екі күнде Мұзтауға барып бойжазып, әсем табиғатқа тамсанып үлгеремін десеңіз, қателесесіз. Ретін тауып, кемі бір жеті уақытқа барғаныңыз ләзім. Тур фирма өкілдері Мұзтауға 10 күнге (Жолға екі, саяхаттауға сегіз күн қажет. Көрікті жерлеріне барып, жан-жағын алаңсыз аралауға болады) барып келуге ұсыныс жасайды.
Қалай жетуге болады?
Мұзтауға жету үшін: Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын ауылы – Катонқарағай – Өрел – Берел, ары қарай Азовка ауылына тақтайша жол көрсетіп тұрады. Осы жерден (бұл тұста асфальт аяқталып, таулы жол басталады) солға бұрылу қажет. Көпшілік алдынан Язевое көлі шығады. Одан ары жаяу-жалпылы, мүмкіндік болса салт атпен жүрген жөн.
Ең соңғы нүкте – Көккөл сарқырамасы. Жақындау маңда шатыр тігіп, жайғасуға болады.
Фото: Вячеслав Орловтың жеке мұрағаты
Нені тамашалауға болады?
Алтайға қоныс аударған алғашқы ортодоксальды христиан өкілдері (староверы) жұмақтың жердегі бөлшегі – «Беловодье» осы Мұзтаудың ішінде жасырылған деп сенген. Бажовтың ертегілерінде жазылған «таудан аққан сүт тәрізді өзендер» осы Мұзтаудың тау бұлақтарына байланысты шыққан екен. Беловодье демекші, айналасын қатпар-қатпар тау қоршаса, Сенім, Үміт және Махаббат деген ерекше атауға ие шыңдары бұрын-соңды кездеспеген пейзаж іспетті. Таудың қазаншұңқырында Тепетеңдік (Равновесия) атты көл бар. Рауан таңда осы көлге көз тастасаңыз Мұзтаудың келбеті айнадағыдай ап-айқын көрінеді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, көл жағасына таяған сәтте жан-дүниенің айрықша тыныштығын сезінуге болады.
Фото: Вячеслав Орловтың жеке мұрағаты
Мұзтау – Алтайдың інжу-маржаны
Мұзтау аңызға толы өлке. Бұл жаққа аяқ басқандар міндетті түрде бір жоғын іздей келеді. «Жердегі жұмақ – Шамбала» да, ғарыштан келген қонақтар да осында деген бір-бірінен өтетін аңыздар қаншама. Ал жанына сая, көңіліне сабыр іздеп келгендер мүлгіген тастар және аспанмен таласқан шыңдар арасынан адам табиғаттың бір кішкене бөлшегі екенін түсініп қайтады.
Көккөл сарқырамасы – арқыраған, арыны мол судың гүрілі қатты естілсе де, құлақ құрышын қандыратындай. 80 метр биіктіктен құлап ағады. Кейде оңашада қалуды аңсағандар дәл осы жерде өткен күннің естеліктерін көз алдарынан өткеріп, бір сәт терең ойға шомады.
Фото: visiteast.kz
Язевое көлі – балығы тайдай тулаған ерке көл. Кейбірінің салмағы үш келіге жетеді.
Рерих ғибадат тасы – саяхат барысында бұрындары молибден мен вольфрам өндірген көнерген кен орнына көтерілуге болады. Сол жерде шахтаның орны да сақталған. Осыған қарап-ақ кезінде жұмысшылардың қандай ауыр жағдайда еңбек еткендерін аңғаруға болады.
Мұзтауға бару үшін шынығып қана қоймай, өзіңді іштей психологиялық тұрғыда әзірлеп барған жөн. Байланыс ұстамайды, ғаламторға қосылу мүмкін емес. Сапардың ерекшелігі мен қызығы да осында.
#Туризм, #Мұзтау, #Катонқарағай