Қарағанды және Павлодар облыстары аумағындағы өрт: министр Әрінов үкімет басшысына өңірлердегі жағдайды баяндады

Қарағанды және Павлодар облыстары аумағындағы өрт: министр Әрінов үкімет басшысына өңірлердегі жағдайды баяндады

Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектеновке Қарағанды және Павлодар облыстарының шекара маңындағы аумағындағы өртті жою жөнінде ақпарат берілді, - деп хабарлайды  abaidan.kz ақпараттық агенттігі KAZ.NUR.KZ сілтеме жасап хабарлайды. Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов үкімет басшысына қазіргі жағдай және өртті сөндіру бойынша қабылданып жатқан шаралар жөнінде баяндады. "Құрғақ өсімдіктердің өртенуі биылғы 6 қазанда Павлодар облысы Баянауыл ауданымен шектесетін Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының аумағында болды. ТЖМ жедел штабы өртті жою үшін барлық шараны қабылдады. Ауылдың 18 тұрғыны эвакуацияланды. Астана қаласы, Абай облысы, Ақмола облысының және басқада да ТЖД күштері мен құралдары қосымша тартылды. Бүгінгі таңда Павлодар облысында өрт оқшауланды, жағдай бақылауда. Бүгін Қарағанды облысында өрт оқшауланады деп күтілуде", - деді министр. Премьер-министр Төтенше жағдайлар министрлігіне жағдайды бақылауда ұстауды тапсырды. Айта кетейік, 6 қазанда Қазақстанның екі өңірінде ірі өрт болып жатқанын хабарлаған едік. Кейінірек Қарағанды облысында дала өртін сөндіру кезінде өрт сөндіруші қаза тапқаны белгілі болды. Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасы өкілдері дала өртін сөндіру кезінде күйік шалған 4 өрт сөндірушінің жағдайына қатысты мәлімдеме жасады. 7 қазанда, сағат 18:30-да ТЖМ өкілдері екі облыста өрт шалған аумақ 45 мың гектарға жеткенін хабарлады. 


#өрт, #Үкімет