Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз
Заң мен тәртіп 44 қаралымabaidan.kz

Аса ірі алаяқтық үшін сотталған ер адам Семейде қолға түсті

Аса ірі алаяқтық үшін сотталған ер адам Семейде қолға түсті

Семей қаласында полиция қызметкерлері пробациялық бақылаудан жалтарғаны үшін іздеуде жүрген 36 жастағы ер адамды ұстады. Ол бұған дейін аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін сотталған.

ІІМ-нің мәліметінше, сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін ер адам пробациялық бақылауға алынған. Алайда осы жылдың қаңтар айында ол тұрғылықты мекенжайынан өз бетінше кетіп, пробация қызметімен байланысын үзген. Осыған байланысты оған республикалық іздеу жарияланған.

Павлодар облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Жаслан Танжановтың айтуынша, іздеуде жүрген азамат ұсталып, Семей қаласының тергеу изоляторына қамалған.

«Іздеуде жүрген азамат ұсталып, Семей қаласының тергеу изоляторына қамалды. Жақын арада ол Павлодарға айдауылмен жеткізіледі», – деді Жаслан Танжанов.

Полицияның хабарлауынша, іздеуде жүрген адамдарды анықтау жұмыстарына аумақтық полиция бөлімшелерімен қатар көршілес өңірлердің қызметкерлері де тартылады. Іздеу жарияланған сәттен бастап барлық бөлімшелерге арнайы бағдарламалар жолданып, күдіктінің сыртқы келбеті мен ерекше белгілері туралы ақпарат беріледі.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, құқық бұзушылар жауапкершіліктен жалтару үшін жасырынуға тырысқанымен, іздестіру шаралары жүйелі түрде жүргізіледі.

Полиция азаматтарды заң талаптарын сақтауға шақырып, сот төрелігінен қашып құтылу мүмкін еместігін еске салды. Ведомствоның мәлімдеуінше, қылмыс жасаған әрбір адам заң алдында міндетті түрде жауап береді.