Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз
Құрылтай 56 қаралымabaidan.kz

Қазақстандағы сайлау учаскелерінің 90%-дан астамы мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді.

Қазақстандағы сайлау учаскелерінің 90%-дан астамы мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді.

Бүгінде әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының қолжетімділік картасына қолжетімділігі тексерілген 9 015 сайлау учаскесі енгізілді. Бұл туралы Kazinform ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жергілікті атқарушы органдармен және сайлау комиссияларымен бірлесіп жүргізген мониторинг қорытындысы бойынша 1 333 учаскеге қосымша бейімдеу шараларын жүргізу қажет. Бұл жұмыс дауыс беру күніне дейін жалғасады.

Мүмкіндігі шектеулі адам үшін қолжетімді сайлау учаскесі — кіреберісте пандустың болуы ғана емес. Әр адам учаскеге өз бетінше және кедергісіз кіріп, ғимарат ішінде еркін қозғалып, қажетті құралдарды пайдалана алуы маңызды.

Қажеттіліктерге қарай сайлау учаскелерінде мыналар қарастырылады:

  • пандустар немесе көтергіш құрылғылар;
  • көмек шақыру батырмалары;
  • тактильді көрсеткіштер;
  • қажетті ені бар есік ойықтары;
  • жеткілікті жарықтандыру;
  • автотұрақ орындары;
  • көру және есту қабілеті бұзылған адамдарға арналған арнайы құралдар;
  • Брайль қарпімен жазылған ақпараттық материалдар;
  • ымдау тілі мамандары мен тифлосурдоаудармашылардың көмегі.

Қазақстанда сайлау жасына жеткен 325 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам бар. Олардың қатарында тірек-қимыл аппараты, көру және есту қабілеті бұзылған азаматтар, сондай-ақ кресло-арбамен жүріп-тұратын адамдар бар.

Дауыс беру күні жергілікті атқарушы органдар инватакси қызметінің жұмысын қамтамасыз етуге тиіс.

Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азамат өзінің сайлау учаскесінің қолжетімділігі және онда қарастырылған мүмкіндіктер туралы ақпаратты алдын ала ала алады.

Қажет болған жағдайда сайлаушы өзі таңдаған адамның көмегін пайдалануға құқылы. Ал денсаулық жағдайына байланысты сайлау учаскесіне келе алмайтын азамат заңнамада белгіленген тәртіппен өзінің болатын жерінде дауыс беру мүмкіндігіне ие.

Қолжетімділіктің ең жоғары көрсеткіштері Астана мен Шымкент қалаларында байқалды, Алматы қаласында да жоғары көрсеткіштер тіркелді.

Қосымша бейімдеу шаралары ең алдымен Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында қажет.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық бөлімшелері әкімдіктермен және сайлау комиссияларымен бірлесіп учаскелердің дайындығын тексеруді жалғастырып, анықталған кедергілерді жою жұмыстарына қатысуда.

— Дауыс беру күніне дейін сайлау учаскелерінің дайындығына мониторинг жүргізу және қалған кедергілерді жою жұмыстары күн сайын жалғасады. Басты мақсат — әрбір мүмкіндігі шектеулі азаматтың өзге азаматтармен тең дәрежеде сайлау құқығын жүзеге асыру мүмкіндігін қамтамасыз ету, — деп атап өтті министрлікте.

Бұған дейін Kazinform Түркістан облысында мүмкіндігі шектеулі адамдардың Құрылтай сайлауында қалай дауыс беретіні туралы хабарлаған болатын.

Еске сала кетейік, Құрылтай сайлауы 23 тамызға белгіленген. Сайлаушылар тізіміне 12 млн 605 мың 788 адам енгізілді. Дауыс беру барысында қазақстандықтар бес жылдық өкілеттік мерзімге Құрылтайдың 145 депутаттарын сайлайды. Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай депутаттығына кандидаттардың жеті саяси партия ұсынған партиялық тізімдерін тіркеді. Бір мандатқа шамамен төрт кандидаттан келеді.

23 шілде сағат 18:01-де партиялардың сайлауалды үгіт-насихат науқаны басталды. Барлық жеті саяси партия сайлауалды штабтарын ашты. Сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясы бюллетеньдегі партиялардың орналасу тәртібін анықтап, сайлау күніне қатысты маңызды тыйым туралы еске салды.

Орталық сайлау комиссиясының отырысында Құрылтай депутаттарын сайлауға арналған дауыс беру бюллетенінің үлгісі таныстырылды.