Ауылдың әлеуметтік ахуалы мен тұрғындардың өмір сапасы тек халық санына қарап бағаланбайтыны белгілі. Кейде шағын ғана елді мекен үшін бір нысанның бой көтеруі тұтас ауылдың тыныс-тіршілігіне серпін беретін маңызды оқиғаға айналады. Байқошқардағы спорт кешенінің құрылысы – соның бір мысалы.
Байқошқар ауылында тұрғындардың спорт кешенін салу жөніндегі ұсынысын облыс әкімі қолдап, бүгінде бұл бастама нақты іске айналды.Бұл туралы Аягөз ауданының әкімі Айбек Нұғымаров abaidan.kz ақпараттық агенттігіне берген сұхбатында айтты.
Ауыл халқының саны көп болмаса да, спорттық инфрақұрылымға деген қажеттілік ескеріліп, нысан салу туралы шешім қабылданған болатын. Жобаны жүзеге асыратын мердігер компания анықталып, құрылыс жұмыстары басталды. Қазір нысанның құрылыс алаңында жұмыстар жүріп жатыр,-деді Аягөз ауданының әкімі Айбек Серікболұлы.
Жоба бір күнде жүзеге асатын шаруа емес. Спорт кешенінің құрылысы екі жылға жоспарланған. Биылғы кезеңге бюджеттен 93 млн теңге қарастырылған. Құрылыс компаниясы жылға жоспарланған қаражатты игеріп, тиісті жұмыстарды жүргізді.
Алайда бұл – жобаның аяқталғанын білдірмейді. Нысан құрылысы келесі жылы да жалғасады. Алдағы кезеңдегі құрылыс жұмыстарына қажетті қаржы жеке қарастырылып, тиісті қаражат бөлінетін болады. Осылайша, спорт кешенін салу жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасып, жоба толық аяқталғанға дейін жүргізіледі,-деді аудан басшысы.
Ауылдағы кез келген әлеуметтік нысанның жергілікті тұрғындар үшін өзіндік маңызы бар. Әсіресе спорттық нысанның бой көтеруі балалар мен жастар үшін қосымша мүмкіндік қалыптастырады. Спортпен шұғылдануға жағдай жасау – салауатты өмір салтын қалыптастырудың ғана емес, ауылдағы қоғамдық ортаны жандандырудың да бір тетігі.
Байқошқардағы жаңа спорт кешені де осы мақсатқа қызмет етпек. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін ауыл тұрғындарының спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік артып, балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасалады.
Бұл жерде жобаның тағы бір ерекшелігі – оның тұрғындардың өз ұсынысынан бастау алғаны. Яғни ауыл халқынан түскен ұсыныс назардан тыс қалмай, нақты жобаның негізіне айналып отыр.
Шағын елді мекендердегі әлеуметтік нысандардың құрылысы ауыл тұрғындарының күнделікті өміріне тікелей әсер етеді. Мектеп, медициналық пункт, спорт алаңы немесе мәдениет нысаны болсын, мұндай нысандардың әрқайсысы ауылдың болашағына салынған инвестиция саналады.
Байқошқардағы спорт кешенінің құрылысы да – осы бағыттағы жұмыстардың бірі. Биылғы 93 млн теңге көлеміндегі қаржының игерілуі жобаның алғашқы кезеңі болса, келесі жылы құрылыс жалғасып, оған қажетті қаражат қайта қарастырылмақ.
Ең бастысы, тұрғындардың бастамасы қағаз жүзінде қалып қоймай, бүгінде құрылыс алаңындағы нақты жұмысқа ұласты. Ал екі жылға жоспарланған жобаның толық аяқталуы Байқошқар тұрғындары үшін жаңа спорттық мүмкіндіктерге жол ашпақ.




